«Аталантамен» тең ойын «Қайратқа» қанша табыс әкелді
Алматылық «Қайраттың» еурокубоктардағы табысы артып келеді. УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі үшінші турда Италияның «Аталанта» клубымен тең ойнаған қазақстандық команда қосымша 133 мың еуро сыйақыға ие болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
5 қарашада Бергамода өткен кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Алматылықтар Марк Гуальдың голынан кейін алға шыққанымен, 82-минутта Никола Крстович есепті теңестірді. Осылайша, «Қайрат» турнирлік кестедегі бір ұпаймен қатар УЕФА белгілеген ақшалай сыйақыны да еншіледі.
Конференция лигасының жалпы кезеңінде әрбір тең ойын үшін клубтарға 133 мың еуро, яғни шамамен 67,1 миллион теңге төленеді. «Қайрат» осы кезеңде екі рет тең түскендіктен, аталған нәтижелер үшін жалпы 266 мың еуро немесе 134,2 миллион теңгеге жуық табыс тапты.
Алматылық клубтың еурокубоктардан түскен кірісінің басым бөлігі Конференция лигасының жалпы кезеңіне жолдама алуымен байланысты. Осы кезеңге шыққаны үшін командаға 3,17 миллион еуро, яғни шамамен 1,6 миллиард теңге тиесілі.
Бұған қоса, «Қайрат» Чемпиондар лигасының үш іріктеу кезеңіне қатысқаны үшін 525 мың еуро (шамамен 264,9 миллион теңге) алған болатын.
Осылайша, іріктеу кезеңдеріндегі төлемдер, Конференция лигасының жалпы кезеңіне шыққаны үшін берілетін сыйақы және екі тең ойыннан түскен қаржыны қоса есептегенде, «Қайраттың» еурокубоктардағы жалпы табысы 3,961 миллион еуроға, яғни шамамен екі миллиард теңгеге жетті.
Алматылық команданың бұл көрсеткішті әлі де арттыруға мүмкіндігі бар. Алда Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі қалған кездесулер тұр. Әрбір сәтті нәтиже клубтың турнирлік жағдайына ғана емес, еурокубоктардан түсетін табысына да әсер етеді.