Ресми: «Ордабасы» жаңа бас бапкерін тағайындады
Бельгиялық маман Карел Герартс Шымкенттің «Ордабасы» клубының бас бапкері болып тағайындалды. 44 жастағы жаттықтырушымен 2028 жылдың соңына дейін келісімшарт жасалды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Герартстың бапкерлік мансабындағы маңызды кезең Бельгияның «Юнион» клубымен байланысты. Ол 2019 жылы команданың жаттықтырушылар құрамына қосылды. Бельгиялық маман бас бапкердің көмекшісі қызметін атқарған тұста ұжым 48 жылдан кейін елдің жоғары дивизионына қайта оралып, келесі маусымда ұлттық біріншіліктің күміс жүлдесін иеленді.
2022 жылы Герартс «Юнионның» бас бапкері болып тағайындалды. Оның жетекшілігімен команда Бельгия чемпионатының қола жүлдегері атанып, ел кубогының жартылай финалына және УЕФА Еуропа лигасының ширек финалына дейін жетті.
2023-2024 жылдары бельгиялық маман Германияның «Шальке 04» клубын жаттықтырды. Қазақстанға келгенге дейін Францияның «Реймс» командасын басқарып, 2025/26 жылғы маусымда ел кубогының ширек финалына шықты.
Шымкенттік клубта Герартс Андрей Мартиннің орнын басты. Молдова маманының жетекшілігімен «Ордабасы» өз тарихындағы ең табысты маусымын өткізді. 2026 жылы оңтүстікқазақстандық ұжым ел чемпионаты мен Қазақстан кубогын жеңіп алып, алғаш рет «алтын дубль» жасады. Ел кубогының финалында шымкенттіктер Қызылорданың «Қайсар» командасын 4:1 есебімен ойсырата жеңді. Алайда тарихи жетістікке қарамастан, қараша айында клуб пен молдовалық маман келісімшартты ұзартпау туралы шешім қабылдады.
Енді Герартстың алдында Қазақстанның қазіргі чемпионын жаңа маусымға дайындап, чемпиондық атағын қорғау және УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде сәтті өнер көрсету міндеті тұр.