locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Ордабасы» «Қайсарды» ірі есеппен жеңіп, Қазақстан кубогының иегері атанды

Шымкенттік клуб Қазақстан кубогының финалында қызылордалық «Қайсарды» 4:1 есебімен жеңіп, маусымдағы екінші жүлдесіне қол жеткізді
Футбол
ФОТО: ФК Ордабасы

Бүгін, 7 қарашада Түркістандағы «Түркістан Арена» стадионында футболдан Қазақстан кубогының финалдық кездесуі өтті. Елдің қазіргі чемпионы «Ордабасы» Қызылорданың «Қайсарын» ірі есеппен ұтып, өз тарихында алғаш рет бір маусымда чемпионат пен ел кубогын қатар жеңіп алды, деп хабарлайды Sports24.kz.

Андрей Мартиннің шәкірттері кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ ойын тізгінін өз қолына алды. Небәрі жетінші минутта Сұлтанбек Астанов есеп ашып, шымкенттік команданы алға шығарды.

34-минутта Эльхан Астанов қарсылас қақпасына тағы бір гол соққанымен, төреші ойыннан тыс қалу жағдайына байланысты оны есепке алмады. Дегенмен үзіліске дейін «Ордабасы» басымдығын арттыра алды. Норвегиялық шабуылшы Бьорн Йонсен мергендік танытып, алғашқы таймды 2:0 есебімен аяқтауға мүмкіндік берді.

Екінші таймда да шымкенттік футболшылар қарқынын бәсеңдеткен жоқ. 66-минутта «Қайсардың» қорғаушысы Клайдер Маседо допты өз қақпасына бағыттап алды. Араға бес минут салып, Астанов тағы бір мәрте көзге түсіп, есепті 4:0-ге жеткізді.

Қызылордалықтар кездесудің соңына қарай ғана жауап қайтара алды. 84-минутта Азеведо есеп айырмасын қысқартқанымен, бұл гол матчтың нәтижесіне әсер еткен жоқ. Осылайша, «Ордабасы» 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Қазақстан кубогы-2026. Финал. 7 қараша
«Ордабасы» (Шымкент) – «Қайсар» (Қызылорда) – 4:1
Голдар:
Сұлтанбек Астанов, 7 (1:0); Бьорн Йонсен (2:0); Клайдер Маседо, 66 (3:0, автогол); Астанов, 71 (4:0); Азеведо, 84 (4:1).


Бұл – «Ордабасының» Қазақстан кубогындағы үшінші жеңісі. Шымкенттік команда бұған дейін 2011 және 2022 жылдары аталған трофейді иеленген болатын.

Биыл Андрей Мартиннің жетекшілігімен «Ордабасы» өз тарихында екінші рет Қазақстан чемпионы атанып, Премьер-лиганың аяқталуына бір тур қалғанда алтын медальді мерзімінен бұрын жеңіп алды. Енді шымкенттік клуб алғаш рет бір маусымда ел чемпионаты мен Қазақстан кубогын қатар ұтып, тарихи «алтын дубль» жасады.

Ал «Қайсар» үшін маусым сәтсіз аяқталды. Қызылордалық клуб Премьер-лигада соңғы орын алып, жоғары дивизионнан шығып қалды. Қазақстан кубогының финалындағы жеңіс командаға жүлдемен қатар еурокубокқа жолдама алып келуі мүмкін еді. Алайда шешуші кездесуде шымкенттік қарсыласынан басым түсе алмады.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie