locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Месси 2026 жылғы маусымды аяқтады: әлем чемпионатының финалы, құрамамен қоштасу және МЛС-тегі рекорд

Аргентиналық футболшы «Интер Майамидің» плей-офф кезеңінен шығып қалуына байланысты клубтық маусымды мерзімінен бұрын аяқтады
Футбол
Месси 2026 жылғы маусымды аяқтады: әлем чемпионатының финалы, құрамамен қоштасу және МЛС-тегі рекорд
ФОТО: Getty images
МЛС АҚШ
27.11.2026, Аяқт.
Коламбус Крю
1
Интер Майами
0

Лионель Месси мансабындағы айтулы оқиғаларға толы маусымдардың бірін аяқтады. 2026 жылы аргентиналық футболшы алтыншы әлем чемпионатына қатысып, МЛС-тің үздік сұрмергені атанды. Алайда «Интер Майами» сапында чемпиондық атағын қорғай алмады, деп хабарлайды Sports24.kz.

МЛС плей-офф кезеңінің бірінші айналымындағы екінші кездесуде Флорида клубы «Коламбус Крюге» 0:1 есебімен есе жіберді. Матчтағы жалғыз гол 90+2-минутта соғылды. Ал алғашқы кездесу қарсыластың 3:0 есебіндегі жеңісімен аяқталған еді.

Месси қарымта кездесуде толық 90 минут ойнағанымен, нәтижелі әрекетімен көзге түсе алмады. Аргентиналық футболшының екі соққысы да қақпаға дәл бағытталмады.

Соңғы әлем чемпионаты және ұлттық құрамамен қоштасу

2026 жылы Месси үшін ең маңызды оқиғалардың бірі АҚШ, Канада және Мексикада өткен әлем чемпионаты болды. Жасына қарамастан, Аргентина құрамасының капитаны Лионель Скалони командасының негізгі ойыншысы болып қала берді.

Дүниежүзілік біріншілікте шабуылшы сегіз матч өткізіп, сегіз гол соқты. Топтық кезеңде Алжир қақпасына үш гол соғып, Аустрияға қарсы кездесуде дубль авторы атанды. Осылайша, әлем чемпионаттарындағы нәтижелілік көрсеткіші бойынша неміс футболшысы Мирослав Клозенің рекордын жаңартты.

Аргентина құрамасы турнирдің финалына дейін жеткенімен, чемпиондық атағын қорғай алмады. Шешуші кездесуде оңтүстікамерикалықтар қосымша уақытта Испанияға 0:1 есебімен жол берді.

31 тамызда Месси ұлттық құрамадағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді. Ал 6 қазанда Бенинге қарсы қоштасу кездесуін өткізді (3:0). Аргентина құрамасы сапындағы соңғы ойынында футболшы бір гол соғып, екі нәтижелі пас берді.

Ұлттық құрамада өткізген 21 жыл ішінде Месси 208 матчқа қатысып, 126 гол соқты. Осы аралықта әлем чемпионы атанып, екі рет Америка кубогын және Финалиссиманы жеңіп алды.

МЛС-тегі тарихи рекорд және клубтық жүлде

Клубтық деңгейде де аргентиналық шабуылшы жоғары нәтижелілік көрсетті. Месси МЛС-тің тұрақты чемпионатында 31 матч өткізіп, 26 гол соқты және 17 нәтижелі пас берді. Осылайша, ол лига тарихында екі жыл қатарынан «Алтын бутсыны» иеленген алғашқы футболшы атанды.

Аргентиналық футболшы биыл клубтық жүлдесіз де қалған жоқ. Қыркүйекте «Интер Майами» мексикалық «Крус Асульді» 2:0 есебімен жеңіп, Чемпиондар кубогын (Campeones Cup) иеленді. Команданың екі голына да Месси тікелей үлес қосты.

Жалпы, 2026 жылы сегіз дүркін «Алтын доп» иегері клуб пен ұлттық құрама сапында 49 матч өткізіп, 41 гол соқты және 19 нәтижелі пас берді.

Енді аргентиналық футболшының жанкүйерлері оны ресми кездесулерде екі айдан астам уақыт көре алмайды. МЛС-тің жаңа маусымы 2027 жылдың ақпан айында басталады.

Еске салайық, 39 жастағы футболшының «Интер Майамимен» қолданыстағы келісімшарты 2028 жылдың соңына дейін есептелген.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie