«Жүрегім әрдайым осында болды». «Барыстың» аңыз ойыншысы Қазақстанға оралғысы келетінін айтты
«Барыс» пен Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы капитаны Брэндон Боченски Астанаға оралып, елордалық клубтың құрылымында қызмет атқарғысы келетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол команданың 27 жылдығына орай BARYS TV YouTube арнасына берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазіргі уақытта АҚШ-тың Солтүстік Дакота штатындағы Гранд-Форкс қаласының мэрі қызметін атқаратын Боченски Қазақстанмен байланысын үзген жоқ. Бұрынғы хоккейші елімізде хоккейді одан әрі дамытуға мол мүмкіндік бар деп есептейді.
«Астанаға оралып, командада қандай да бір қызмет атқарғым келеді. Бұл – мен үшін ерекше мекен. Мұнда хоккейді одан әрі дамытып, оның даму бағдарламасын әлемдегі үздіктердің біріне айналдыруға жақсы мүмкіндік бар деп ойлаймын. Мұндай мүмкіндік әрдайым бар. Жақын арада бірлесіп жұмыс істеудің жолын табамыз деп үміттенемін», – деді Боченски.
Сондай-ақ бұрынғы шабуылшы ҚХЛ-дың жетекші клубтарынан ұсыныс түскеніне қарамастан, неліктен «Барысқа» адал болғанын түсіндірді.
«Мен Қазақстанды, Астананы және жанкүйерлерді шын жүрегіммен жақсы көріп қалдым. Жүрегім әрдайым осында болды! Басқа клубпен келісімшарт жасасып, өзге қалаға кетуге талай мүмкіндік болды. Бірақ мен мұның мәнін көрмедім. Әрдайым бір командада ойнағым келетін. Астана алғашқы күннен-ақ жүрегімді жаулап алды. Ұсыныстар болғанымен, оларды ешқашан байыппен қарастырған емеспін. Осында қалып, „Барыстың“ намысын қорғағым келді», – деді бұрынғы хоккейші.
Боченски әлі күнге дейін «Барыстың» ҚХЛ тарихындағы үздік сұрмергені саналады. Шабуылшы астаналық клуб сапында 455 кездесу өткізіп, 179 шайба соққан және 265 нәтижелі пас берген. Жалпы, оның еншісінде 444 ұпай бар.
Америкалық хоккейші кезінде бұл рекордты Роман Старченко жаңартады деп ойлағанын жасырмады. Енді ол өзінің көрсеткішінен қазақстандық хоккейдің жас буын өкілдерінің бірі асып түседі деп үміттенеді.
«Қазақстандық жас хоккейшілердің бірі осында 20 жылдай ойнап, 10 немесе 12 жылдан кейін менің рекордымды жаңартса, керемет болар еді. Рекордтың мәңгілік иесі болып қалғым келмейді», – деді Боченски.

Еске салайық, америкалық шабуылшы 2010 жылы «Барыс» сапына қосылып, 2014 жылы Қазақстан азаматтығын алды. Кейін ұлттық құраманың капитаны атанды. 2019 жылдың жазында кәсіби мансабын аяқтап, АҚШ-қа оралды. Бір жылдан кейін Гранд-Форкс қаласының мэрі болып сайланды. Хоккейшінің клуб алдындағы еңбегіне құрмет ретінде оның ойын жейдесі «Барыс Арена» мұз сарайының төріне ілінді.
Ал «Барыстың» қазіргі құрамы кеше Санкт-Петербургтің СКА командасын 7:4 есебімен жеңіп, тарихи нәтижеге қол жеткізді. Михаил Кравецтің шәкірттері ресейлік клубты бес жылда алғаш рет ұтып, қатарынан тоғыз жеңілістен тұратын сәтсіз сериясын тоқтатты. Сонымен қатар астаналықтар өзара кездесулер тарихында алғаш рет СКА қақпасына жеті шайба соқты.
Осы жеңістен кейін 33 ұпай жинаған «Барыс» ҚХЛ-дың Шығыс конференциясының турнирлік кестесінде жетінші орынға көтерілді. Қазақстандық ұжым келесі кездесуін 29 қарашада сырт айдында Нижнекамскінің «Нефтехимик» командасына қарсы өткізеді.