locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Айырмашылық бар болғаны бірнеше розыгрышта»: Рыбакина Соболенкомен бәсекелестігінің сырын ашты

Әлемнің бірінші ракеткасы беларусь теннисшісімен матчтарға тактикалық тұрғыдан қалай дайындалатынын айтып, принципті қарсыласымен қайта кездескенде ерекше толқитынын мойындады
Теннис
«Айырмашылық бар болғаны бірнеше розыгрышта»: Рыбакина Соболенкомен бәсекелестігінің сырын ашты
Фото: Gettyimages

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Алматыда өткен баспасөз мәслихатында 2026 жылғы маусымда «Үлкен дулыға» турнирлерінің финалында екі рет жеңген Арина Соболенкомен бәсекелестігі туралы айтты. Спортшы командасымен бірге беларусь теннисшісімен кездесуге қалай дайындалатынын және тактикалық басымдыққа қалай қол жеткізуге тырысатынын баяндады, деп хабарлайды Sports24.kz.

Өткен маусымда Рыбакина Соболенкодан Австралия ашық чемпионаты мен АҚШ ашық чемпионатының финалында басым түсті. Қазақстандық теннисші бір қарсыласпен жиі кездесудің психологиялық әрі тактикалық дайындықты қиындататынын мойындады.

- Биыл Арина Соболенкодан «Үлкен дулыға» турнирлерінің финалында екі рет басым түстіңіз. Бір қарсыласпен қайта-қайта кездескенде, ол да ойын мәнеріңізді жақсы зерттеп алғанын ескерсек, ойын стратегиясын құру қиындай ма? Тактикалық басымдыққа қандай жолмен, қандай жағдайларда қол жеткізесіз?

- Әдетте, бірнеше матч қатарынан ойнағанда, келесі кездесуге бапталу оңай емес. Өйткені онымен өткен матчтардың бәрі өте тартысты болады. Айырмашылық бар болғаны бірнеше розыгрышта және матч кезіндегі кейбір шешімдерде. Сондықтан онымен тағы да кортқа шығып ойнағанда, толқу күштірек болады деп ойлаймын.

Дегенмен, әрине, командамен бірге дайындаламыз, бұрынғы және жуырдағы матчтардың бәрін талдаймыз. Әдеттеріміздің кейбірі бәрібір өзгермейді. Сондықтан матч барысында басымдыққа жетуге көмектесетін түрлі амалдар мен тәсілдерді іздейміз, — деп жауап берді Рыбакина.

Беларусь теннисшісінен «Үлкен дулыға» турнирлерінің финалында жеңген екі матч Рыбакинаның тарихи маусымындағы шешуші сәттер болды. Қазақстандық теннисшінің айтуынша, олардың өзара кездесулерінің тағдырын көбіне жекелеген розыгрыштар мен дер кезінде қабылданған тактикалық шешімдер айқындайды. Екі спортшы да бір-бірінің ойын ерекшеліктерін жақсы білсе де, Рыбакинаның командасы өткен кездесулерді талдап, матч барысында басымдыққа жетудің жаңа жолдарын іздеуді жалғастырып келеді.

Бұған дейін Sports24.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында қазақстандық теннисшінің жаттықтырушысы Стефано Вуков шәкіртінің добын әлемдегі ең үздік деп атап, оның психологиялық тұрғыдан өскенін, тәртібі мен ірі турнирлердегі сенімділігін де ерекше атап өтті.

Еске салайық, 2026 жылғы маусымда Елена Рыбакина төрт титулды, соның ішінде Australian Open мен US Open жарыстарының чемпиондық атағын жеңіп алып, Қазақстан теннисі тарихында жылды әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесінде аяқтаған алғашқы спортшы атанды.

Абылай Сеитов
Журналист
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie