locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Хаби Алонсо «Челсидің» жас ойыншылары туралы айтты: бұл Дастан Сәтпаев үшін нені білдіреді?

Хаби Алонсо «Миланды» ойсырата жеңгеннен кейін «Челсидің» келесі матчқа жоспарын айтты
Футбол
Sports24.kz сайтын Google-ға қосу
Хаби Алонсо «Челсидің» жас ойыншылары туралы айтты: бұл Дастан Сәтпаев үшін нені білдіреді?
ФОТО: Getty images
Клубтар арасындағы жолдастық кездесу
08.08.2026, Аяқт.
Челси
3
Милан
0

«Челсидің» бас бапкері Хаби Алонсо «Миланға» қарсы өткен жолдастық кездесудегі командасының ойынына жоғары баға берді. Лондондықтар италиялық клубты 3:0 есебімен жеңді. Матчтан кейін испаниялық маман футболшылардың әрекеті, жаңа тактикалық жүйе және турнедегі соңғы ойын алдындағы жүктемені бөлу туралы айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.

«Челси» қарсылас қақпасына жауапсыз үш гол соқты. Жоау Педро дубль авторы атанса, тағы бір допты Мойсес Кайседо енгізді. Алонсо үшін есептен бөлек, соңғы апталардағы жаттығулардың нәтижесін алаңнан көру маңызды болған.

«Бұл біз үшін жақсы матч болды. Бүгінгі ойынды жағымды көңіл күймен аяқтағымыз келді және команда оны орындай алды. Қазір дайындық оңай өтіп жатқан жоқ, өйткені футболшылар бізге әр уақытта қосылды. Сол себепті жүктемені үнемі реттеп отыруға тура келеді. Дегенмен бүгін команда біртұтас ойнады және біз көргіміз келетін футболға жақындай түсті», - деді Алонсо.

Бас бапкер үш орталық қорғаушымен ойнау жүйесіне де тоқталды. Оның айтуынша, алаңдағы схема - ойынның бір бөлігі ғана. Команданың қозғалысы мен футболшылар арасындағы түсіністік әлдеқайда маңызды.

«Барлығын тек схема шешпейді. Мен үшін ойыншылардың алаңда қалай қозғалатыны, бір-бірін қаншалықты жақсы түсінетіні және біздің талаптарды қалай орындайтыны маңызды. Біз әр жағдайға бейімделе алатын команда болғымыз келеді. Бүгін көп нәрсе ойдағыдай шықты, бірақ әлі де жақсартатын тұстарымыз бар», - деді маман.

Алонсо «Челсидің» әр шебіндегі футболшылардың өзара байланысына да көңілі толғанын жеткізді. Оның сөзінше, команда дайындық кезінде пысықтаған бірнеше комбинацияны матч барысында сәтті орындаған.

«Шептер арасындағы байланыс маған ұнады. Жаттығуда жұмыс істеген дүниелеріміздің біразын алаңнан көрдік. Ілгерілеу бар, бірақ мұнымен тоқтап қалмаймыз. Команда алдағы уақытта бұдан да жақсы ойнай алады», - деп қосты ол.

Келесі матчта жастарға мүмкіндік беріледі

«Челси» 9 тамызда Малайзия чемпионы «Джохорға» қарсы тағы бір кездесу өткізеді. «Миланмен» ойыннан кейін командаға қалпына келуге бір тәуліктен де аз уақыт беріледі. Сондықтан бапкерлер штабы футболшылардың жүктемесін алдын ала бөліп қойған.

Алонсо келесі кездесуде жас ойыншыларға көбірек мүмкіндік беруді жоспарлап отырғанын жасырмады.

«Турненің соңында екі күн қатарынан матч өткізетінімізді бұрыннан білдік. Сондықтан кейбір футболшылар бүгін 90 минут ойнаса, өзгелері ертең толық матч өткізе алатындай жоспар құрдық. Екі күнде екі кездесу өткізу оңай емес. Сол себепті ертең бізге жас ойыншылардың көмегі қажет болады», - деді бас бапкер.

Испаниялық маман кең құрамның дәл осындай сәтте үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Бірқатар жас футболшы турнеге соңғы матчта өз мүмкіндігін алу үшін де барған.

«Жас ойыншылардың өздерін көрсетуіне мүмкіндік бергіміз келді. Ертең оларда сондай мүмкіндік болады. Бұл матчқа арналған жоспарымызды алдын ала жасадық, енді соны орындауымыз керек», - деді Алонсо.

Осылайша, «Миланға» қарсы алаңға шықпаған Дастан Сатпаев «Джохормен» кездесуде мүмкіндік алуы ықтимал. Қазақстандық шабуылшы осыған дейін «Челси» сапында үш жолдастық матч өткізді. 28 шілдеде «Вестерн Сиднейге» қарсы негізгі құрамда шығып, 6-минутта гол соқты және алаңда 63 минут өткізді. 1 тамызда «Тоттенхэммен» кездесудің 70-минутында, ал 5 тамызда «Ювентусқа» қарсы ойынның 65-минутында алаңға шықты.

«Челси» - «Джохор» кездесуі 9 тамызда өтеді. Матч Қазақстан уақытымен 17:00-де басталады. Осы ойыннан кейін лондондық клуб турнесін аяқтап, Англияға оралады.

Аружан Темірбек
Аружан Темірбек
Редактор
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie