Луис Энрике тарихты қайта жазды: УЕФА Суперкубогындағы жеңістен кейін ПСЖ бас бапкері қандай жетістікке жетті
ПСЖ бас бапкері Луис Энрике кезекті еуропалық трофейін жеңіп алды. Париждік команда УЕФА Суперкубогы үшін өткен кездесуде Англияның «Астон Вилла» клубын 2:1 есебімен жеңді. Осы жетістіктен кейін испаниялық маман еурокубоктық жүлделер саны бойынша футбол тарихындағы үздік үштікке енді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Зальцбургте өткен кездесуде есепті ПСЖ ашты. 20-минутта Хвича Кварацхелия қарсылас қақпасын дәл көздеп, командасын алға шығарды. Алайда үзіліске дейін «Астон Вилла» таразы басын теңестіріп үлгерді. 17 жастағы Брайан Маджо гол соғып, УЕФА Суперкубогы тарихындағы ең жас гол авторы атанды.
Екінші таймда париждіктер қайтадан басымдыққа ие болды. 61-минутта Дезире Дуэ «Астон Вилла» қақпасын дәл көздеді. Алғашында төреші офсайдқа байланысты голды есептемегенімен, VAR тексерісінен кейін шешім өзгертілді. Қалған уақытта ПСЖ есепті сақтап, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, Луис Энрике бапкерлік мансабындағы алтыншы еуропалық трофейіне қол жеткізді. Бұл көрсеткіш бойынша ол Алекс Фергюсон және Джованни Трапаттонимен теңесіп, тарихи рейтингте үшінші орынға көтерілді. Олардың алдында жеті жүлдесі бар Пеп Гвардиола мен он трофей жеңіп алған Карло Анчелотти тұр.

Энрике еуропалық жүлделерін «Барселона» мен ПСЖ тізгінінде жүріп жеңіп алды. Оның еншісінде үш Чемпиондар лигасы мен үш УЕФА Суперкубогы бар. Соңғы жеңісінен кейін испаниялық маман еуропалық футбол тарихындағы ең табысты бапкерлердің қатарына тағы бір қадам жақындай түсті.
Айта кетейік, «Астон Вилланы» жеңген ПСЖ УЕФА Суперкубогын екінші жыл қатарынан иеленді. Париждіктер 2025 жылы да осы трофейді жеңіп алған болатын.