Дастан Сәтпаев 18 жасқа толды: қазақстандық футболшының кәмелетке дейінгі басты жетістіктері
12 тамызда Дастан Сәтпаев 18 жасқа толды. Қазақстандық футболшы кәмелет жасына тәжірибелі ойыншылардың өзінде кездесе бермейтін жетістіктермен жетті. «Қайратпен» бірге ел чемпионы атанды, Қазақстан құрамасы мен Чемпиондар лигасында бірнеше рекорд орнатты. Енді оның мансабындағы жаңа кезең Англияда жалғасады.
Sports24.kz Дастан Сәтпаевтың 18 жасқа дейінгі ең жарқын жетістіктеріне шолу жасады.
«Қайраттағы» алғашқы қадамдар
Сәтпаев футболға бала кезінен жақын болды. Ол сегіз жасында «Қайрат» академиясына қабылданып, біртіндеп клуб жүйесінде өсе бастады. Жас шабуылшының есімін көпшілікке танытқан алғашқы жарыстардың бірі QJ League болды.
Дастан екі маусымда 28 матч өткізіп, 27 гол соқты және 10 нәтижелі пас берді. 2024 жылғы маусымның қорытындысы бойынша ол турнирдің үздік ойыншысы атанды.
Көп ұзамай Сәтпаев негізгі командада да мүмкіндік алды. 2024 жылдың 26 мамырында 15 жастағы футболшы «Ақжайыққа» қарсы кубок матчында алаңға шығып, «Қайрат» сапындағы алғашқы ойынын өткізді. Алматы клубы сол кездесуде қарсыласын 9:0 есебімен ойсырата жеңді.
ҚПЛ-дегі серпіліс және чемпиондық
Келесі маусымда Сәтпаев Қазақстан футболындағы ең көп талқыланған жас ойыншылардың біріне айналды. ҚПЛ-2025 маусымында шабуылшы 14 гол соғып, жеті нәтижелі пас берді.
Жеке көрсеткіштер командалық табыспен де толықты. Маусым соңында Дастан «Қайратпен» бірге Қазақстан чемпионы атанып, ересектер футболындағы алғашқы ірі жүлдесіне қол жеткізді.
Чемпиондар лигасындағы рекордтар
Сәтпаевтың мансабындағы ерекше кезеңдердің бірі Чемпиондар лигасымен байланысты. 2025/26 маусымында «Қайрат» өз тарихында алғаш рет Еуропаның басты клубтық турнирінің негізгі кезеңіне жолдама алды.
Дастан іріктеу кезеңінің өзінде-ақ командаға үлкен пайдасын тигізді. Үш кезеңде үш рет мергендік танытып, алматылықтардың үш қарсыласының да қақпасын бір-бірден дәл көздеді.
Осы жолда Сәтпаев бірнеше жас рекордын жаңартты. Ол Чемпиондар лигасында алаңға шыққан ең жас қазақстандық футболшы атанып, кейін бұл турнирде гол соққан Қазақстанның ең жас ойыншысы болды.
Негізгі кезеңде тағы бір тарихи нәтиже тіркелді. «Копенгагенге» қарсы кездесуде Дастан 17 жас 106 күнінде гол соқты. Сол сәтте ол Чемпиондар лигасы тарихындағы ең жас гол авторларының арасында үшінші орынға көтерілді. Одан ерте жаста тек Ламин Ямаль мен Ансу Фати ғана мергендік танытқан еді.
Қазақстан құрамасының ең жас ойыншысы
Дастан ұлттық құрамада да жасына қатысты бірнеше рекорд орнатты. Ол Қазақстанның бас командасындағы алғашқы матчын 2025 жылдың наурызында 16 жас 7 ай 10 күнінде өткізді. Бұған дейін ұлттық құрама сапында мұндай жаста ешбір футболшы алаңға шықпаған.
Сол жылдың қарашасында Сәтпаев әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Бельгия қақпасына гол соқты. Ол кезде Дастан небәрі 17 жас үш айда еді. Осылайша шабуылшы Қазақстан құрамасының тарихындағы ең жас гол авторы атанды.
«Челсиге» трансфер
Сәтпаевтың есімін Қазақстаннан тыс жерлерге кеңінен танытқан жаңалық одан да ертерек шыққан еді. 2025 жылдың ақпанында «Қайрат» өз тәрбиеленушісінің «Челсиге» ауысуы жөнінде келісімге келгенін ресми хабарлады.
Трансфер құны шамамен 3,5 миллион фунтқа бағаланды. Бұл қазақстандық клуб футболы үшін рекордтық көрсеткіш болды.
Жасына байланысты Сәтпаев кәмелетке толғанға дейін ағылшын клубына толыққанды қосыла алмады. Дегенмен 2026 жылдың жазында ол «Челсимен» бірге маусым алдындағы турнеге аттанып, лондондық команда сапында алғашқы минуттарын өткізді.
«Челси» сапындағы алғашқы гол
Алғашқы жарқын сәт те көп күттірмеді. 28 шілдеде Сиднейде өткен «Вестерн Сидней Уондерерске» қарсы кездесуде Сәтпаев «Челсидің» негізгі құрамында алаңға шықты.
Матчтың алтыншы минутында-ақ Дастан есеп ашып, лондондық клуб сапындағы алғашқы голын соқты. Тартысты кездесу «Челсидің» 6:4 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
Кейін Сәтпаев маусым алдындағы басқа ойындарда да мүмкіндік алып, жаңа командасымен алғашқы жүлдесіне қол жеткізді.
Лондондағы жаңа кезең
18 жасқа толуымен бірге Сәтпаевтың мансабында жаңа кезең басталды. Transfermarkt, Flashscore және Sofascore платформаларында қазақстандық футболшының қазіргі клубы ретінде «Челси» көрсетіліп үлгерді.
Осылайша, трансфері 2025 жылдың ақпанында жарияланған Дастан енді лондондық клубтағы мансабының толыққанды кезеңіне қадам басты.