Дуэ феномені: Чемпиондар лигасы финалындағы жарқын ойынынан кейін ПСЖ жұлдызы Golden Boy жүлдесіне басты үміткер атанды
Париждік ПСЖ клубының және Франция құрамасының вингері Дезире Дуэ Еуропаның ең үздік жас футболшысына берілетін беделді Golden Boy жүлдесіне басты үміткер атанды, деп GiveMeSport басылымы хабарлады.
Қазіргі таңда 19 жастағы талант бұл тізімде «Арсенал» сапында өнер көрсететін Майлз Льюис-Скелли мен Итан Нванери, «Барселонадан» Пау Кубарси, сондай-ақ маусымды «Борнмут» пен мадридтік «Реал» арасында арендада өткізген қорғаушы Дин Хейсеннен алда тұр.
Дуэ 2024 жылдың жазында «Ренн» клубынан «ПСЖ»-ға ауысып, бұл трансфер париждіктерге 50 миллион еуроға түсті. Оның Франция астанасындағы алғашқы маусымы өте сәтті өтті - футболшы 54 ойында 15 гол соғып, 16 нәтижелі пас берді.
Ең әсерлі ойыны УЕФА Чемпиондар лигасының финалында Миланның «Интеріне» қарсы өтті. Бұл матчта Дуэ дубль жасап, бір нәтижелі пас беріп, командасының 5:0 есебімен ірі жеңіске жетуіне үлкен үлес қосты.