ПСЖ-ның Чемпиондар лигасындағы жеңісі Францияда жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты
«Пари Сен-Жермен» клубының Чемпиондар лигасы финалындағы тарихи жеңісінен кейін Францияның бірнеше қаласында жаппай тәртіпсіздіктер басталды.
TF1 телеарнасының хабарлауынша, бұл оқиғалар салдарынан екі адам қаза тауып, тағы 192 адам түрлі жарақат алған.
Француз полициясы кем дегенде 427 адамды ұстады. Олардың көпшілігі вандализм, тонау және қоғамдық тәртіпті бұзу әрекеттері үшін тұтқындалған. Сонымен қатар жанкүйерлер мен құқық қорғау органдары арасында қақтығыстар орын алғаны хабарланды.
Париждік клубтың бұл жеңісі сенсацияға айналды: ПСЖ Миланның «Интер» командасын 5:0 есебімен тас-талқан етіп жеңіп, Чемпиондар лигасы мен Еуропа чемпиондар кубогы финалдарындағы ең ірі жеңіс рекордын орнатты. Бұл – ПСЖ тарихындағы алғашқы Чемпиондар лигасы трофейі.