Луис Энрике - екі түрлі клубпен требл жеңіп алған футбол тарихындағы екінші бапкер
«Пари Сен-Жерменнің» Чемпиондар лигасындағы тарихи жеңісі клуб үшін ғана емес, оның бас бапкері Луис Энрике үшін де үлкен белес болды. Испаниялық маман футбол тарихында екі түрлі клубпен требл (ұлттық чемпионат, ел кубогы және Чемпиондар лигасы) жеңіп алған небәрі екінші жаттықтырушы атанды.
Энрикенің бұған дейінгі осындай жетістігі 2015 жылға тиесілі - ол кезде ол «Барселонаны» жаттықтырып, Ла Лига, Испания кубогы мен Чемпиондар лигасын қатарынан жеңіп алған еді. Араға он жыл салып, ол бұл жетістігін Францияда, ПСЖ тізгінін ұстай жүріп, қайтадан қайталады.
Айта кетерлігі, бұған дейін мұндай нәтиже тек Хосеп Гвардиоланың еншісінде болған. Ол да ең алғаш рет треблді «Барселонамен» (2008/09 маусымы) жеңіп алған болатын. Ал 2022/23 жылғы маусымда Гвардиола «Манчестер Сити» құрамында сол жетістігін қайталап шықты.