«Шешуші сәтте сүріндік». Симоне Индзаги ПСЖ-дан жеңілуі жайлы
2025 жылғы Чемпиондар лигасының финалы «Интер» үшін ауыр естелікке айналды. Миландық клуб «Пари Сен-Жерменнен» 0:5 есебімен ойсырай жеңіліп, армандаған кубокты тағы да қолынан шығарып алды.
Ойыннан кейінгі баспасөз жиынында бас бапкер Симоне Индзаги ішкі сезімін жасырып қалмады.
«ПСЖ бұл жеңіске толықтай лайықты. Біз матчты сенімсіз бастап, қарқыннан, дайындықтан, шешім қабылдауда қалып қойдық. Олар ішкі чемпионатта өз маусымын ерте аяқтады, ал біз соңғы турға дейін жарыста болдық. Жеңіс үшін бәрі мінсіз болуы керек еді. Болмады. Жеңіліс әділ», - деді ол салмақпен.
Индзаги бұл жеңілісті 2023 жылғы финалмен салыстырды. Ол кезде «Интер» Стамбұлда «Манчестер Ситиге» 0:1 есебімен жол берген болаты
«Бұл сезім маған таныс. Стамбұлда да дәл осылай жан ауырған. Бүгін де сол. Біз тағы да шешуші сәтте сүріндік. Бірақ мен командаммен мақтанамын. Олар осы маусымда соңына дейін ойнады», — деді жаттықтырушы.
Айта кетейік, бұл - соңғы үш жылдағы «Интер» үшін екінші финал. Егер 2023 жылы миландықтар аз ғана айырмашылықпен - 0:1 есебімен ұтылса, 2025 жылы париждік клубтан ауыр соққы алды - 0:5.