Ташкенттегі әлем кубогында бес қазақстандық боксшы алғашқы жекпе-жектерін өткізеді
Ташкентте өтетін World Boxing ұйымының 2026 жылғы бокс әлем кубогы финалдық кезеңінің алғашқы жарыс күніндегі жекпе-жектер кестесі белгілі болды. 28 қарашада Қазақстан құрамасының бес өкілі шаршы алаңға шығады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстан уақытымен сағат 11:00-де басталатын күндізгі сессияда Даниял Сабит (50 келіге дейін) Өзбекстан өкілі Шодиёржон Меликузиевпен кездеседі. Қазақстандық боксшының қарсыласы — 2024 жылғы Азия чемпионы.
Алғашқы сессияда Карина Ибрагимова да (57 келіге дейін) өнер көрсетеді. Оның қарсыласы — Қытайлық Тайбэй өкілі У Ши И, 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.
Кешкі бағдарлама сағат 16:00-де басталады. Бұл сессияда Шұғыла Налибай (75 келіге дейін) 2025 жылғы әлем чемпионы, ресейлік Елена Гапешинамен жұдырықтасады.
Өнер Сейлхан (80 келіге дейін) Қырғызстан өкілі Алмаз Орозбековпен кездеседі. Қазақстанның тағы бір өкілі Валерия Аксенова (80 келіге дейін) үндістандық Найнамен жекпе-жек өткізеді.
Әлем кубогының финалдық кезеңінде Қазақстан атынан барлығы 11 боксшы — алты ер және бес әйел спортшы бақ сынайды. Ел құрамасының тағы үш өкілі жарысты жартылай финалдан бастайды: Сұлтанбек Айбарұлы (85 келіден жоғары емес), Дәулет Төлемісов (90 келіден жоғары емес) және Дина Исламбекова (80 келіден жоғары). Осылайша, олар кем дегенде қола жүлдені еншілеп қойды.
Айта кетейік, әлем кубогының финалдық кезеңі Ташкентте 28 қараша мен 3 желтоқсан аралығында өтеді. Жарысқа 31 елден 142 боксшы қатысады.