Еркін Тапалов «Қайратпен» Конференциялар лигасындағы жеңіс голымен қоштасты
«Қайрат» пен Қазақстан құрамасының қорғаушысы Еркін Тапалов Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі төртінші турда швециялық «Мьельбюге» қарсы өз алаңында өткен матчтың қорытындысы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Алматыда қазақстандықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті. 14-минутта жалғыз голды Тапаловтың өзі соқты, ал «Қайрат» еурокубоктердің негізгі кезеңінде тарихта алғаш рет жеңіске жетті.
«Бұл — біз үшін тарихи жеңіс. Негізі, бұл осы кезеңдегі алғашқы жеңісіміз, оған өте қуаныштымыз. Жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді: ауа райына қарамастан келіп, бізді қолдады. Рақмет!», — деді Еркін Тапалов.
Қорғаушы командаға қай таймның қиынырақ болғанын да айтып берді.
«Бірінші тайм аса қиын болған жоқ, бірақ екінші таймда қарқынымыз сәл бәсеңдеді. Сондықтан екінші тайм бізге ауырлау тиді», — деді Еркін Тапалов.
Бұған дейін «Мьельбюге» қарсы кездесу Тапалов үшін «Қайрат» сапындағы соңғы матч болатыны туралы ақпарат тараған еді. Футболшы мұны растады.
«Иә, Instagram стористе жаздым: бұл — менің соңғы ойыным. Сіздер «Соңғы би» (The Last Dance) сериалын көрген шығарсыздар. Бүгін менің «Қайрат» футбол клубындағы соңғы биім болды. Гол соға алғаныма өте қуаныштымын», — деп мойындады Еркін Тапалов.
Алайда, оның айтуынша, гол соғатынын алдын ала сезбеген.
«Ондай сезім болған жоқ, бірақ Құдайға шүкір, соққым сәтті шықты», — деп қосты Еркін Тапалов.
Төрт турдан кейін «Қайраттың» еншісінде бес ұпай бар. Алматы командасы Конференциялар лигасындағы келесі матчын 10 желтоқсанда өткізеді: өз алаңында румыниялық Крайова қаласының «Университатя» клубын қабылдайды.