«Бернлидің басты жарқын нүктесі»: шетелдік БАҚ Дастан Сәтпаев туралы не жазып жатыр
Дастан Сәтпаев ағылшын баспасөзінің назарынан түспей келеді. Чемпионшиптің төртінші турында «Мидлсброға» қарсы өткен және 1:1 есебімен аяқталған кездесуден кейін бірнеше британдық басылым 18 жастағы қазақстандықтың ойынына арнайы тоқталды.
Sports24.kz шетелдік БАҚ-та жарияланған негізгі пікірлерді жинақтады.
Сәтпаев «Бернлидің» негізгі құрамында алаңға шығып, 80 минут ойнады. Қазақстандық футболшы қарсылас қақпасына екі рет қауіпті соққы жасап, командаласына мүмкіндік туғызды. Кездесу қорытындысы бойынша ол матчтың үздік ойыншысы атанды.
Дастанның ойынын жоғары бағалаған басылымдардың бірі - Burnley Express. Жергілікті БАҚ Сәтпаевқа 10 балдың 7-сін қойды. «Бернли» сапында одан жоғары баға алған футболшы болған жоқ. Журналистер қазақстандықты команданың ойынындағы басты жағымды тұстардың бірі деп атады.
«Сәтпаев тағы да «Бернлидің» басты жарқын нүктесіне айналды. Ол алаңда үлкен көлемде жұмыс атқарып қана қоймай, қарсылас қақпасына үнемі қауіп төндірді. Оның бір қуатты соққысын қақпашы қайтарса, тағы бір сәтте допты аяғымен тосып қалды», - деп Burnley Express бағасының мәнін жеткізеді Sports24.kz.

3 қыркүйекте The Chelsea Chronicle Сәтпаевқа жеке материал арнады. Басылымның өзі-ақ тақырыпта «Челсиден» жалға берілген футболшының «Бернли» сапындағы кезекті матчынан кейін қарқынды дамуын жалғастырып келе жатқанын атап өтті.
Басылым Дастанның жаңа командадағы мәртебесі қысқа уақыт ішінде айтарлықтай өзгергеніне назар аударды. Алғашқы ойындардан кейін қазақстандық негізгі құрамнан тұрақты орын ала бастады және «Челсидің» бұрынғы шабуылшысы Армандо Брояны ығыстырды. «Мидлсброға» қарсы кездесуде Сәтпаев шабуылдың сол қапталында ойынды алғашқы минуттан бастады.
The Chelsea Chronicle мәліметінше, гол соқпағанына қарамастан, қазақстандық өте мазмұнды кездесу өткізіп, қарсылас қақпасына тұрақты қауіп төндірген. Оның екі соққысын қақпашы қайтарды. Бұдан бөлек, Дастан командаласына гол соғуға мүмкіндік жасап, алаңда болған уақытында небәрі бір рет қате пас берген.
Материал авторлары «Бернлидегі» жалдау кезеңі Сәтпаевтың «Стэмфорд Бриджге» оралуы алдындағы маңызды қадамдардың біріне айналуы мүмкін деп есептейді.
«Челсиде» Сәтпаевтың болашағына үлкен үміт артып отыр. Оның дамуы үшін тәжірибе жинақтап, «Челсидегі» ресми дебютіне дайындалуына қолайлы орта табылған секілді», - деп жазады британдық басылым.

Қазақстандық футболшының ойынын Sky Sports та назардан тыс қалдырмады. Британдық телеарна матч есебінде Дастанның қатысуымен болған екі қауіпті эпизодты жеке атап өтті.
Бірінші таймда Сәтпаев Зеки Амдунимен пас алмасып, шамамен 20 метр жерден қақпаға қатты соққы бағыттады. Радек Витек допты кері қайтарды. Үзілістен кейін қазақстандық тағы бір мүмкіндікке ие болды: қорғаушыдан сытылып өтіп, қақпаға соққы жасады, алайда «Мидлсбро» қақпашысы допты аяғымен тоқтатты.
Ағылшын баспасөзінің Сәтпаевқа ерекше назар аударуы тек «Мидлсбромен» өткен кездесуден кейін басталған жоқ. Алдыңғы турда «Норвичке» қарсы ойында қазақстандық «Бернли» сапында алғаш рет толық 90 минут өткізді. Команда 1:4 есебімен ірі жеңілгеніне қарамастан, бас бапкер Ники Хайен 18 жастағы футболшыны өз командасындағы ең үздік ойыншы деп атаған еді.
Осылайша, Англиядағы аз ғана уақыттың ішінде Сәтпаевқа деген көзқарас айтарлықтай өзгерді. Алғашқы кезде әңгіме негізінен жас ойыншының әлеуеті төңірегінде өрбісе, қазір британдық журналистер оны «Бернлидің» ең жарқын футболшыларының бірі деп атап, еңбекқорлығын, қақпаға төндіретін қаупін және негізгі құрамға тез бейімделгенін ерекше көрсетіп жүр.
«Мидлсбромен» матч бұл өсімнің тағы бір дәлелі болды. Гол да, нәтижелі пас та болмағанына қарамастан, Сәтпаев Англиядағы алғашқы матчтың үздік ойыншысы жүлдесіне ие болды. «Бернли» мен «Мидлсбро» арасындағы кездесу 1:1 есебімен аяқталды.
