Дастан Сәтпаевқа «Реалға» ауысу болжамы жасалды
«Бернли» фанаттық паблигі қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевтың ойынына жоғары баға беріп, 17 жастағы футболшыны үлкен болашақ күтіп тұрғанын айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жанкүйердің айтуынша, Сәтпаев кезекті рет өзінің керемет жылдамдығы мен физикалық дайындығын көрсетті. Алайда әзірге оған ең бастысы — нәтижелі әрекеттер жетіспейді.
«Сәтпаев туралы айтар болсам, мен оған әр апта сайын мақтау айтып жүрген сияқтымын. Бірақ бұл жігіт шынымен керемет. Бізге одан тек гол немесе нәтижелі пас керек. Шынымды айтсам, ол өте жақсы ойнап жүр», — деді фанаттық паблик мүшесі.
Ол матч кезінде болған қызықты жағдайды да айтып берді. Шамамен 75-минутта жанында отырған жанкүйер Сәтпаевтың шаршағанын айтып, оны ауыстыру керек деген болжам жасаған.
«Мен: "Білесің бе, мен шынымен келісемін. Эдвардстың орнына емес шығар, бірақ ол біраз шаршаған сияқты" деп ойладым. Сол сәттен кейін тура келесі секундта ол керемет екі рет жүгіріп шықты. Оның жылдамдығы соншалықты жоғары!» — деді жанкүйер.
Оның пікірінше, Сәтпаев өзі өмірінде алаңнан тікелей көрген ең жылдам футболшылардың бірі болуы мүмкін.
«Енді бізге одан тек гол немесе ассист керек. Оның әрі қарай да дами беретініне сенімдімін. Шынымды айтсам, мен бұл туралы бұған дейінгі видеолардың бірінде де айтқанмын, бірақ оны алда үлкен болашақ күтіп тұр», — деп қосты ол.
Паблик мүшесі Сәтпаев бес жылдан кейін мадридтік «Реалдың» құрамында болуы мүмкін деген жанкүйердің пікіріне де жауап берді.
«Шынымды айтсам, бұл шындыққа жанаспайтын нәрсе сияқты көрінбейді. Дегенмен, футбол жанкүйерлерінің қандай болатынын білесіздер. Біз өте құбылмалымыз: бірнеше жақсы матчты көрдік — міне, мен қазірдің өзінде "Реал" туралы айтып отырмын», — деді ол күлімсіреп.
Бұған дейін «Бернли» сапындағы 18 жастағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев Чемпионшипте «Мидлсброға» қарсы матчтың үздік ойыншысы деп ресми түрде танылған болатын. «Терф Мур» стадионында өткен кездесу 1:1 есебімен аяқталды.