«Барлық қазақстандық жаттықтырушылар одан үлгі алуы керек»: Арутюнян - Уразбахтин туралы
Алматылық «Қайрат» клубының бас бапкері міндетін атқарушы Жора Арутюнян өзінен бұрын команданы басқарған Рафаэль Уразбахтиннің жұмысы туралы пікір білдіріп, клубтың Чемпиондар лигасындағы тарихи жетістігін еске алды және «Алтай» мен «Аталантаға» қарсы матчтар алдында бұрынғы тәлімгерімен болған әңгімесі жайлы айтып берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Уразбахтиннің клуб жетістіктеріндегі рөлі туралы сұраққа жауап берген Арутюнян маманның еңбегі «Қайрат» үшін ғана емес, бүкіл қазақстандық футбол үшін маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, алматылықтардың Чемпиондар лигасындағы өнері футболға, соның ішінде балалар арасында да, үлкен қызығушылық оятты.
«Ол - біздің елдегі жалғыз осындай жаттықтырушы, сондықтан бәріміз одан үлгі алуымыз керек. Иә, біз онымен «Алтайға» қарсы ойын алдында да, «Аталантаға» қарсы матч алдында да сөйлестік. Ол кейбір кеңестерін айтып, нұсқаулар беріп, сәттілік тіледі. Менің ойымша, болған шешімдерді талқылау біздің құзыретімізге жатпайды. Бірақ жалпы оның атқарған жұмысы мен қосқан үлесі туралы айтып отырмын. Бұл - бүкіл қазақстандық футбол үшін үлгі.
Меніңше, былтыр Чемпиондар лигасында болған жайт, көтерілген дүрбелең мен қызығушылық - орасан зор еді! «Реал Мадрид» және басқа да осындай командалар бізге келгендіктен, қаншама бала футболға барды. Менің ойымша, бұл - баға жетпес үлес. Ал біз өз тарапымыздан осы жетістікті қайталағымыз келеді. Әрине, бұл өте қиын болады, бірақ жалпы алғанда, барлығымызға, қазақстандық жаттықтырушыларға, одан үлгі алу керек», - деді Арутюнян.
Еске салайық, Рафаэль Уразбахтин 26 қазанда «Қайраттың» бас бапкері қызметінен кетті. Оның жетекшілігімен алматылық клуб Қазақстан чемпионы атанды, ал 2025 жылы өз тарихында алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды.
Маман кеткеннен кейін негізгі команданы уақытша басқару бұрын жастар құрамасымен жұмыс істеген Жора Арутюнянға тапсырылды. Оның басшылығымен өткен алғашқы матчта «Қайрат» Қазақстан Премьер-лигасының қорытынды турында «Алтаймен» 1:1 есебімен тең түсті.
Енді алматылықтарды Конференция лигасының негізгі кезеңіндегі үшінші тур аясында италиялық «Аталантамен» кездесу күтіп тұр. Матч 5 қарашада Бергамода өтеді және Қазақстан уақытымен 22:45-те басталады.