Елена Рыбакина WTA қорытынды турнирі алдында қарсыластарына баға берді
Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) әлемдік рейтингінде көш бастап тұрған қазақстандық Елена Рыбакина 8–15 қараша аралығында АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтетін маусымның қорытынды турнирі алдындағы көңіл күйі мен дайындығы туралы айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстандық теннисші бірінші топқа түсті. Оның қарсыластары қатарында америкалық Кори Гауфф пен Джессика Пегула, сондай-ақ Чехия өкілі Линда Носкова бар. Осылайша, Рыбакина топтық кезеңнің өзінде маусым бойы жоғары нәтиже көрсеткен мықты теннисшілермен кездеседі.
Алдағы жарыс туралы пікір білдірген отандасымыз турнирдің басталуын асыға күтіп жүргенін айтып, биылғы бәсекенің ерекшелігіне де тоқталды.
«Мен өте қуаныштымын әрі турнирдің басталуын асыға күтіп жүрмін. Бұл жарыс жыл сайын әртүрлі өтеді. Биыл матчтар ашық корттарда ұйымдастырылады. Мұның да өзіндік ерекшеліктері бар. Қарсыластарымның барлығы өте мықты. Әрқайсысы үлкен жетістіктерге жетіп, беделді турнирлерде чемпион атанған теннисшілер», – деді Рыбакина.

Қазақстандық спортшы үшін биылғы жарыс өткен жылы жеңіп алған чемпиондық атағын қорғауға мүмкіндік болмақ. Еске салайық, былтырғы қорытынды турнирдің финалында Рыбакина Арина Соболенкодан басым түсіп, мансабында алғаш рет WTA маусымының қорытынды чемпионатында топ жарған болатын.
Биыл беделді жарыс Индиан-Уэллсте ұйымдастырылады. Бастапқыда турнир Сауд Арабиясында өтуі тиіс еді. Алайда кейін Әйелдер теннис қауымдастығы жарысты АҚШ-қа көшіру туралы шешім қабылдады. Осылайша, 2023 жылдан бері алғаш рет WTA қорытынды турнирінің кездесулері ашық аспан астындағы корттарда өтпек.
Рыбакина жарыстағы алғашқы кездесуін Қазақстан уақытымен 8 қарашадан 9 қарашаға қараған түні чехиялық Линда Носковаға қарсы өткізеді. Одан кейін отандасымыз Кори Гауфф және Джессика Пегуламен кездеседі. Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша үздік екі теннисші жартылай финалға жолдама алады.
WTA маусымының қорытынды турнирі 15 қарашада аяқталады. Жекелей сында жылдың үздік сегіз теннисшісі чемпиондық атаққа таласады.