Рафаэль Уразбахтин «Қайрат» клубының бас бапкері қызметінен кетті
«Қайрат» клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин өз бастамасымен қызметінен кету туралы өтініш берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Клуб басшылығы оның шешімін қабылдап, қызметтен кету туралы өтінішін қанағаттандырғаны атап өтілді.
«Рафаэль Радикович негізгі команданы 2024 жылдың қыркүйегінде қабылдап, алғашқы маусымының қорытындысы бойынша-ақ сары-қара түстілерді Қазақстан чемпионы атандырды. 2025 жылы оның жетекшілігімен «Қайрат» Қазақстан Суперкубогын жеңіп алды, чемпиондық атағын қорғады және клуб тарихында алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды. 2026 жылғы маусымда команда УЕФА Конференциялар лигасының жалпы кезеңіне шығып, ел чемпионатының күміс жүлдегері атанды», - делінген клуб мәлімдемесінде.
Бас бапкер міндетін атқарушы болып бұған дейін «Қайрат-Жастар» командасын басқарған Жора Арутюнян тағайындалды. Оның жетекшілігімен команда «Алтайға» қарсы алдағы матчқа дайындалады.
««Қайрат» футбол клубы Рафаэль Радиковичке атқарған жұмысы, кәсібилігі және клуб тарихына қосқан өлшеусіз үлесі үшін шынайы алғысын білдіреді. Алдағы мансабына толағай табыс тілейміз!» - деп қосты клуб өкілдері.
Уразбахтин кім?
Рафаэль Уразбахтин 1978 жылдың 20 қарашасында Алматыда дүниеге келген. Футболдағы кәсіби мансабын 1996 жылы «Қайнар» сапында бастады. Қазақстанның «Ұлытау», «Қайрат», «Елімай», «Ақтөбе-Ленто», «Жетісу», «Шахтёр», «Есіл-Богатырь», «Қайсар» және «Восток» клубтарында, сондай-ақ Ресейдің «Ростсельмаш» командасында өнер көрсетті. 1998-2004 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрамасында ойнап, 12 матч өткізіп, екі гол соқты.
Ойыншылық мансабын аяқтағаннан кейін жаттықтырушылық қызметке ауысты. «Қайрат» академиясында, Қазақстан жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушылар штабында және Қарағандының «Шахтёр» клубында жұмыс істеді. Сондай-ақ аталған командада спорт директоры қызметін атқарды.
2024 жылдың қыркүйегінде Уразбахтин «Қайраттың» негізгі командасын қабылдап, оны Қазақстан чемпионы атандырды. 2025 жылы алматылықтар ел Суперкубогын жеңіп алып, клуб тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды және Қазақстан чемпионы атағын қорғады.