«Тарихи жеңіске қол жеткізгіміз келеді»: «Қайрат» бапкері «Аталантамен» матч алдында пікір білдірді
«Қайраттың» бас бапкері міндетін атқарушы Жора Арутюнян Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі үшінші турда италиялық «Аталантаға» қарсы өтетін ойын алдындағы баспасөз мәслихатында өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бергамода өткен баспасөз мәслихатында маман алдағы кездесудің өзі үшін ерекше маңызға ие екенін жасырмады. Оның айтуынша, командадағы барлық футболшының денсаулығы жақсы және ойыншылар Италиядағы матчқа тыңғылықты дайындалған.
«Мұнда келудің өзі ерекше сезім сыйлайды. Жігіттердің барлығы сапта, көңіл күйлері жақсы. Ертең әрқайсысы бар мүмкіндігін көрсетуге тырысады. Осыдан бір жыл бұрын мұндай деңгейде өнер көрсетеміз деп ешкім ойламаған шығар. «Қайраттың» негізгі командасына қосылу біздің арманымыз еді. Ал «Аталанта» - Чемпиондар лигасының деңгейіндегі клуб. Біз талдаған ойындарға сүйенсек, олардың «Интерден» еш кем емес екенін байқадық. Соған қарамастан, футболшыларымыздың жігері жоғары. Бұл біз үшін өте маңызды», – деді Арутюнян.
Бапкер командадағы өзгерістерге де тоқталды. Оның сөзінше, жаттықтырушылар штабындағы ауыс-түйістен кейін «Қайраттың» ойын жүйесін түбегейлі өзгерту қажеттілігі туындамаған. Негізгі назар тактикалық дайындық пен қарсыластың ойын мәнеріне аударылған.
«Менде ешқандай қобалжу жоқ. Бұрын қалай дайындалсақ, қазір де сол тәртіпті ұстанып отырмыз. Маурицио Сарридің өзіндік ойын мәнері бар, ертең соған қарсы тұрудың жолын іздейміз. «Алтай» және «Аталантамен» кездесулер алдында үш жаттығудан өткіздік. Осындай қысқа уақытта команданың ойын жүйесін толық өзгерту мүмкін емес әрі оның қажеті де жоқ. Біз тек қарсыласты қарсы шабуылға жібермей, допты жоғалтқан сәтте оны қайта тартып алу әрекеттеріне өз көзқарасымызды енгізгіміз келеді. Қазақстан чемпионатының аяқталғаны дайындығымызға әсер еткен жоқ», – деді маман.
Арутюнян еурокубоктағы мақсатқа қатысты да ойын ашық жеткізді. Ол әр қарсыластың деңгейін ескере отырып, қалған кездесулерде мүмкіндігінше көп ұпай жинауды көздейтінін айтты.
«Біз әр матчқа жеке дайындаламыз және қарсыластарымыздың мүмкіндігін жақсы түсінеміз. Жігіттермен Қазақстан футболы үшін еурокубокта тарихи жеңіске жетудің қаншалықты маңызды екенін талқыладық. Оған қашан қол жеткізетінімізді әзірге білмейміз, бірақ нақты жоспарымыз бар. Өз алаңымызда жанкүйерлердің қолдауына сүйеніп, қажетті ұпайларды жинауға тырысамыз», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін «Аталантаның» бас бапкері Маурицио Сарри де «Қайрат» туралы пікір білдірген болатын. Италиялық маман алматылық клубты қауіпті қарсылас деп атап, оның «Интерге» (1:2) және «Арсеналға» (2:3) қарсы өткізген кездесулерін мысалға келтірді. Сондай-ақ бапкер ауысқаннан кейін «Қайраттың» қазіргі ойын жүйесін толық зерттеу қиынға соққанын мойындады.
«Аталанта» мен «Қайрат» арасындағы матч 5 қарашада Бергамо қаласында өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен сағат 22:45-те басталады. Конференция лигасының алғашқы екі турында италиялық клуб үш ұпай жинаса, алматылықтардың еншісінде бір ұпай бар.