Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы Калмырзаның «Спортингке» қарсы ойынын талдады
Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы қақпашысы Александр Петухов Sports24.kz сайтына берген сұхбатында Шерхан Калмырзаның Чемпиондар лигасындағы лиссабондық «Спортингке» қарсы алғашқы матчын бағалады.
«Ең алдымен, әрине, Шерханды дебютімен құттықтаймын! Бұл сөзсіз оның карьерасындағы айшықты ойындарының бірі болды. Мұндай жоғары деңгейде ол орындаушылардың класын, ойынның қарқынын сезінді және қай деңгейге ұмтылу керек екенін түсінді. Бұл — әрі қақпашы, әрі қақпашылар жаттықтырушысы үшін ең құндысы», — деді Петухов.
Маманның айтуынша, Калмырза лайықты деңгейде ойнады, эмоцияға беріліп, кей сәттерде сенімділігін көрсетті.
«Ойынға келсек: дебютке тән эмоциялық көтеріңкі көңіл-күймен және жігермен ойнады. Бірнеше шешуші эпизодта сенімділік танытып, команданы құтқарып қалды, пенальтиден соққыны да қайтарды! Көп уақыт бойы қақпасын «құрғақ» ұстауға тырысты, бұл оның дұрыс шоғырланғанын көрсетеді. Әрине, кейбір сәттерде қобалжу байқалды, бірақ мұндай матчтар үшін бұл қалыпты жағдай.
Жіберілген голдар кезінде кейбір эпизодтарда жақсырақ ойнауға болар еді ме? Өзімнің субъективті пікірім — иә, болар еді. Бірақ ол жерде бәрі оның техникалық мүмкіндіктеріне, функционалдық дайындығына, психологиялық тұрақтылығына және тактикалық сауаттылығына байланысты болды», — деп қосты ол.
Сондай-ақ, Петухов «Қайраттың» қақпашылар бапкері Илья Юровтың еңбегін ерекше атап өтті.
«Бұл матчқа дайындық кезінде қақпашылар бапкері — Юров Илья Сергеевич өз қолындағы мүмкіндіктердің барлығын іске қосып, ойыншыны барынша жақсы дайындауға тырысқан сияқты.
Жалпы, біз — қақпашы бапкерлері — сөйлескенде бірқатар эпизодта оның позициялық тұрғыдан дұрыс әрекет еткенін байқадық. Яғни, ол доп пен қарсыластың шабуылына қатысты қақпада дұрыс орын таңдай білді. Сондай-ақ, оның ойында командаластары Темірлан Анарбеков пен Александр Заруцкийге қарағанда өзіндік ерекшеліктері бар.
Ал енді кеңірек қарайтын болсақ, қақпашыны ұзақ қашықтықтағы көрсеткіштерімен бағалау қажет деп ойлаймын. Иә, осы ойында жақсы қимылдары болды. Сондықтан қайталап айтамын: егер бұл матчты жеке алып қарасақ, ол өз деңгейінде лайықты ойын көрсетті», — деді Петухов.
Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі алғашқы ойында алматылық «Қайрат» лиссабондық «Спортингтен» 1:4 есебімен жеңілді. Соған қарамастан, қазақстандық команданың бір ойыншысы — қақпашы Шерхан Калмырза кездесудің ең көзге түскен тұлғаларының бірі болды.
Жас қақпашы үшін бұл матч дебюттік кездесу еді және ол жанкүйерлер есінде ерекше сәтімен қалды: ойынның 21-минутында Калмырза Педру Хюльманд орындаған 11 метрлік соққыны қайтарып, қақпасын құтқарып қалды.
Сондай-ақ Алмат Бекбаев Қалмырзаның «Спортингке» қарсы ЛЧ матчындағы ойынын бағалады .