«Ақтөбе» тең есепті сақтай алмай, «Қызылжарға» жол берді
Петропавлдың «Қызылжары» Қазақстан Премьер-Лигасының 20-туры аясында өз алаңында «Ақтөбені» 3:1 есебімен жеңді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Алаң иелері есепті матчтың 2-минутында Евгений Макаренконың голымен ашты. Алайда үзіліске дейін Яни Атанасов таразы басын теңестірді. Екінші таймда «Ақтөбе» шабуылын үдеткенімен, 61-минутта Темірлан Ерланов алаңнан қуылып, команда азшылықта қалды. Матчтың шешуші сәтінде «Қызылжар» сан басымдығын тиімді пайдаланып, Еркебұлан Сейдахметтің қолмен ойнауынан кейін белгіленген пенальтиді Этьен Бугре голға айналдырды. Ал 88-минутта Лиридон Латифи кездесудің нүктесін қойды.
Қазақстан Премьер-Лигасы. 20-тур
«Қызылжар» – «Ақтөбе» – 3:1 (1:1)
Голдар: Макаренко, 2 (1:0), Атанасов, 38 (1:1), Бугре, 80 – пенальтиден (2:1), Латифи, 88 (3:1).
Алаңнан қуылды: Ерланов («Ақтөбе»), 61, Мианге («Қызылжар»), 84.
Осы жеңістен кейін «Қызылжар» 22 ұпаймен турнир кестесінің орта тұсына көтерілді. Ал 31 ұпайы бар «Ақтөбе» төртінші орында қалды.
Айта кетейік, осы турдың тағы бір кездесуінде «Ертіс» қосымша уақыттың соңғы минуттарында «Каспийді» 3:2 есебімен жеңіп, қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді.