Gucci бутигінде емес пе? Роналду мен Джорджина шын мәнінде қалай танысты?
Криштиану Роналду мен Джорджина Родригестің алдағы үйлену тойы туралы қауесеттер қызу талқыланып жатқан шақта, Sports24.kz әлемге әйгілі жұптың махаббат хикаясының қалай басталғанын еске түсіреді. Көпшілік олардың қарым-қатынасы Мадридтегі Gucci дүкеніндегі кездейсоқ кездесуден басталған деп сеніп келді. Алайда араға жылдар салып бұл оқиғаға мүлде басқа көзқарас айтылды.
Netflix-тің «Мен - Джорджина» деректі сериалында Родригес Роналдумен алғаш қалай танысқанын егжей-тегжейлі баяндаған. Оның айтуынша, сол күні жұмысы аяқталып, үйіне қайтпақ болған сәтте демалыста жүрген әріптесі бір тұрақты клиентке қызмет көрсету үшін аздап күте тұруын өтінген.
«Жұмыстан шығып бара жатқанымда бойы ұзын, өте сымбатты жігітті көрдім. Қасында баласы мен достары болды. Ол маған амандасты, ал мен қатты абдырап қалдым. Тіпті көзіне тіке қарай алмай, ерекше сезімге бөлендім».
Джорджинаның айтуынша, дәл сол сәтте бұл кездесу өмірін түбегейлі өзгертетінін сезген.
Роналду да кейінірек алғашқы кездесуді жақсы есінде сақтағанын айтып, Джорджинаның бірден назарын аударғанын жасырмаған.
«Дүкенге кіргенімде Джио жұмысын аяқтап жатқан еді. Сол сәтте ерекше бір сезім пайда болды. Ол бірден көңілімнен орын алды. Бұл – шынайы сезім».
Осы кездесуден кейін Джорджина футболшыны дүкенге келген сайын өзі қарсы алып, қызмет көрсететін болған. Біраз уақыт өткен соң Роналду оны Мадридтегі шаралардың біріне шақырып, кейін бірге кешкі ас ішуге ұсыныс жасаған.
Родригес кейін алғашқы кездесулерінің бірін ерекше ықыласпен еске алды.
«Кешке не киетінімді, қалай көрінетінімді күні бойы ойлап жүрдім. Кездескен кезде аздап сөйлестік, бірге уақыт өткіздік. Кейін корпоративтік кешіме кетуге тура келді. Бірақ дәл сол күннен кейін бір-бірімізге деген қызығушылық бұрынғыдан да арта түсті».
Алғашқы кешкі ас кезінде араларындағы сезімнің ерекше екенін анық түсінгенін де жасырмаған.
«Мейрамханаға бара жатқанда қолымыз кездейсоқ түйісті. Сол сәтте бұл сезімді сөзбен жеткізу қиын болды».
Алайда бірнеше жылдан кейін Gucci дүкенінің бұрынғы қызметкері Пабло Боне бұл оқиғаның басқа нұсқасын жариялады. Оның айтуынша, Роналду мен Джорджина бутикке дейін-ақ бір-бірін таныған.
«Мен сол дүкенде жұмыс істедім. Сондықтан олардың таныстығы дәл сол жерде басталды дегенге сенбеймін. Олар бұған дейін-ақ Мадридтегі Opium түнгі клубында танысты».
Боне сондай-ақ Джорджинаның сол кездің өзінде танымал әрі ауқатты адамдармен араласуға ұмтылғанын алға тартты.
«Ол әрдайым жақсы өмірге қол жеткізгісі келді. Мадридтің түнгі өміріндегі көптеген адамдарды жақсы білетін. Сондықтан бутик туралы оқиға шындыққа жанаса бермейді деп ойлаймын».
Қай нұсқаның шындыққа жақын екені белгісіз. Роналду мен Родригес осы уақытқа дейін Netflix сериалында айтылған оқиғадан айныған емес және бұрынғы дүкен қызметкерінің мәлімдемесіне пікір білдірген жоқ.
Қазір Криштиану Роналду мен Джорджина Родригес бес баланы тәрбиелеп отыр. Олар Криштиану Роналду кіші, егіздер Ева мен Матео, сондай-ақ Алана Мартина мен Белла Эсмеральданың ата-анасы. 2025 жылдың тамызында Джорджина әлеуметтік желіде неке сақинасын көрсетіп, екеуінің сөз байласқанын жариялаған болатын.
Соңғы күндері жұптың алдағы үйлену тойы қайтадан қызу талқылануда. Шетелдік басылымдардың мәліметінше, салтанатты рәсім Португалияның Синтра қаласындағы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген әйгілі Кинта-да-Регалейра сарай-бақ кешенінде өтуі мүмкін. Сондай-ақ қонақтарға тек қара түсті киіммен келу ұсынылғаны туралы ақпарат тарады. Алайда бұл мәліметті әзірге Роналду да, Джорджина да ресми түрде растаған жоқ.