«Арсеналдың» Винисиусқа ұсынған сомасы белгілі болды
«Арсенал» «Реалдың» шабуылшысы Винисиусты қатарға қосу үшін әрекеттерін тоқтатар емес, деп хабарлайды Sports24.kz.
Лондондық клуб Бразилия құрамасының ойыншысы үшін мадридтіктерге 135 миллион еуро ұсынды. Бонустарды есептегенде бұл сома 145 миллионға дейін өсуі мүмкін.
Сонымен қатар, Мадридтің «Реалы» соңғы күндері БАҚ-та жарияланған «Арсеналдың» Винисиус Жуниорға қызығушылығын жоққа шығарып отыр. Өз кезегінде, бразилиялық футболшының агенттері де Лондон клубымен ешқандай келісім жасалмағанын мәлімдеді. Бұл туралы AS басылымы хабарлайды.
Дереккөз мәліметінше, «корольдік клуб» басшылары Винисиустен шынымен де 2027 жылдың жазында аяқталатын келісімшартын ұзартқысы келмейтінін айтуды сұрап отыр. Осыдан кейін ғана «Реал» нарықтағы ұсыныстарды қарастыруға дайын болады.
Винисиус 26 жаста, бразилиялық шабуылшы «Реалда» 2018 жылдың жазынан бері ойнап келеді, оның келісімшарты 2027 жылдың жазында аяқталады. Мадридтіктер сапында ол үш дүркін Испания чемпионы, екі мәрте Чемпиондар лигасын жеңіп алған. 2024 жылы Винисиус Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) нұсқасы бойынша маусымның үздік футболшысы атанды.