Абай облысының әкімі «Елімай» - «Ордабасы» матчынан кейінгі дауға қатысты пікір білдірді
Абай облысының әкімі Берік Уәли «Елімай» мен «Ордабасы» арасындағы матчтан кейін туындаған дауға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Даудың өршуіне төреші Арман Есмұратовтың матчтан кейін айтқан сөздері жазылған бейне себеп болды. Жарияланған видеода төрешінің стадионның ішкі бөлігінде эмоциялық түрде сөйлегені анық естіледі.
Оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, «Елімай» жанкүйерлерінің наразылығын туғызды. Осыған байланысты Берік Уәли мәселені жеке бақылауына алғанын айтты.
«Кешеден бері жергілікті «Елімай» футбол клубының жанкүйерлерінен көптеген арыз-өтініштер келіп түсіп жатыр. Көтерілген мәселелердің мән-жайын жан-жақты зерделеп, әділдік пен ашықтық қағидаттарының сақталуы үшін тиісті жұмыстар жүргіземіз.
Осы мәселеге байланысты Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровпен сөйлестім. Федерация басшысы барлық жайттың мұқият қаралатынын, арнайы комиссия құрылып, мәселе соңына дейін жеткізілетінін мәлімдеді.
Әділеттілік жолындағы ұстанымымыз өзгермейді. Бұл мәселені бақылауда ұстаймыз», - деді облыс әкімі.
Бұған дейін «Елімайдың» бас бапкері Андрей Карпович матчтан кейін Арман Есмұратовтың өзіне қатысты орынсыз сөздер айтып, қысым көрсеткенін мәлімдеген болатын. Сонымен қатар маман төрешінің шымкенттік клубқа қатысты да дөрекі пікір білдіргенін айтты.
Еске салсақ, Семейде өткен матчта «Ордабасы» 3:1 есебімен жеңіске жетті. Кездесудің соңында «Елімай» футболшысы Жан-Али Пайруз тікелей қызыл қағаз алған еді.