Видео: Головкин отбасымен бірге бокс аңыздарының шеруінде кабриолетпен жүріп өтті
Аңызға айналған қазақстандық боксшы Геннадий Головкин АҚШ-тың Канастота қаласында өткен Халықаралық бокс даңқы залының (IBHOF) дәстүрлі шеруіне қатысты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жыл сайын жаңа мүшелердің құрметіне ұйымдастырылатын шара барысында Головкин қала көшелерімен кабриолетпен жүріп өтті. Онымен бірге жұбайы мен үш баласы да болды.
Бұл шеру Халықаралық бокс даңқы залына қабылдау рәсімінің ажырамас бөлігі саналады. Оған әлемдік бокс тарихында өшпес із қалдырған спортшылар қатысады.
Бұған дейін Канастотада Халықаралық бокс даңқы залының жаңа мүшелерін салтанатты түрде қабылдау рәсімі өткен болатын. Геннадий Головкин осы мәртебеге ие болған алғашқы қазақстандық боксшы атанды.
Салтанатты кеш барысында бұрынғы әлем чемпионына естелік жүзік табысталып, оның есімі Халықаралық бокс даңқы залының тарихына мәңгілікке енгізілді.