«Көңіл-күйіңізді бұзуға тырысамыз» – Армения құрамасының бапкері Қазақстанға қарсы матч алдында
Армения ұлттық футбол құрамасының бас бапкері Егише Меликян Sports24.kz порталына берген сұхбатында алдағы Қазақстанға қарсы ойынның маңыздылығы туралы пікір білдірді.
«Ереванда қазақстандықтарды қарсы алғанымызға қуаныштымыз, көңіл-күйлеріңіз жақсы болсын, бірақ ертең ойыннан кейін оны бұзуға тырысамыз. Егер бұған қол жеткізсек, алдын ала кешірім сұраймын. Матч оңай болмайды, Қазақстанның жақсы құрамасы бар. Сіздің командаңыз міндетті түрде қиындық тудырады деп айта аламын. Қазір Қазақстан құрамасы өрлеу үстінде, бірақ біз де жақсы дайындалдық. Ертең қалай боларын көрерміз», – деді Армения құрамасының бас бапкері.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы сенбі күні, 6 маусымда, Ереванда Арменияға қарсы жолдастық матч өткізеді. Бұл кездесу Талғат Байсуфиновтің командасы үшін Венгрияға қарсы сырт алаңдағы ойын алдындағы маусым айындағы екі тексерістің алғашқысы болмақ. Жолдастық кездесу Еревандағы Вазген Саркисян атындағы Республикалық стадионда өтеді.
Бұған дейін мәскеулік «Спартактың» бұрынғы бас бапкері, сондай-ақ армениялық «Ноа» мен «Урарту» клубтарында жұмыс істеген Дмитрий Гунько Армения құрамасы Қазақстанға қарсы ойын алдында кадрлық қиындықтарға тап болғанын айтқан болатын.
Сонымен қатар, Sports24.kz журналистері алда болатын матчқа қатысты негізгі статистикалық деректерді жинақтады.