Сайлау, футбол және Арарат. Қазақстан құрамасымен матч алдында Армения қалай өмір сүруде
Собор қоңырауы, жазғы ашық террасалардың шуы, жаңа қайнатылған кофенің иісі және қаланың үстінде асқақтап тұрған айбынды Арарат. Армения дәл осылай Қазақстан құрамасын және ұлттық командалардың жолдастық матчын тамашалауға келген журналистерді қарсы алды. Толығырақ Sports24.kz материалында.
Алайда Ереванның сыртқы тыныштығының астарында біршама алаңдаушылық сезіледі. Ел 7 маусымға белгіленген Ұлттық жиналыс сайлауын тағатсыздана күтуде. Бұл елге келген алғашқы минуттардан-ақ байқалады.

Шекарада бір сағат
«Звартноц» халықаралық әуежайына қонғаннан кейін қазақстандық делегация күтпеген жерден құжаттарды мұқият тексеруге тап болды. Паспорттық бақылаудан өтуге шамамен бір сағат кетті. Шекара қызметкерлері келгендерден сапар мақсаты, елде болу мерзімі және қозғалыс маршруты жайлы егжей-тегжейлі сұрады. Бұл кезде басқа мемлекеттердің азаматтары бақылаудан әлдеқайда тез өтті. Кейін бізді кешкі Ереван арқылы қонақүйге апарған такси жүргізушісі жағдайды былай деп түсіндірді:
«Қазір көптеген шетелдіктерге осылай қарап жатыр. Сайлау алдында тексерулер айтарлықтай қатаңдады», – деді Артур Хачатрян.

Саяси күн тәртібі шынымен де елдің қоғамдық өмірінде маңызды орын алады. Gallup International Association-ның армян бөлімшесінің соңғы зерттеулеріне сәйкес, электораттық симпатия көшбасшысы – «Азаматтық келісім» билеуші партиясы, оны сауалнамаға қатысқандардың 32,4%-ы қолдауға дайын. Одан кейін «Күшті Армения» блогы – 16,4% және оппозициялық «Армения» блогы – 15,2% көрсеткішке ие.
Сайлауға барлығы 18 саяси күш тіркелген, сондықтан бүгінде Армения астанасындағы кез келген кафе, такси не саябақта саяси пікірталастарды естуге болады.

Арараттың көлеңкесінде
Саяси белсенділікке қарамастан, Ереван өз әдеттегі өмірін жалғастыруда.
Жазда армян астанасы ерекше көркем көрінеді. Жасыл аллеялар, лық толы кофеханалар, сансыз туристер және алыстан қалаға көз салып тұрған Арараттың мәңгілік бейнесі.
Футбол да мұнда ерекше орын алады.
Армения – Қазақстан матчі қарсаңында ұлттық құрама тақырыбындағы әңгімелер жиі естіледі. Дегенмен, жергілікті жанкүйерлердің көпшілігі армян клубтарының халықаралық ареналардағы өнерін де мұқият бақылап отыратынын жасырмайды.
Солардың бірі – 45 жастағы еревандық Михаил Авакинц, көпжылдық «Пюник» жанкүйері.
«Бізде әдемі футболды жақсы көреді»
Сұхбат барысында әңгіме ұлттық құрамадан армян футболының ерекшеліктеріне ауысты.
«Біздің футболымыз өзіндік ерекшелігімен дараланады, әр елде өзіндік нақыш бар ғой. Қазақстанда көбіне күш пен тәртіпке мән берсе, бізде нәтижеге жұмыс істейтін, комбинациялық және техникалық футболды жақсы көреді», — дейді Авакинц.
Қазақстанда да жанкүйерлер шабуылдаушы ойынды бағалайтынын айтқанымызда, әңгімелесуші жымиып, дипломатиялық түрде тақырыпты ауыстырды.

Футбол кешін күткенде
Саясаткерлер сайлаушылар даусына таласып, тұрғындар алда болатын сайлау жайлы пікір алмасып жатқанда, елдегі футбол өмірі де бір сәтке тоқтамайды.
Армян жанкүйерлері үшін Қазақстанға қарсы ойын – жаңартылған ұлттық құрамаға көз жүгіртіп, алдағы ресми матчтар алдындағы мүмкіндіктерін бағалау сәті.
Қазақстандық команда үшін бұл – дайындықтың кезекті кезеңі әрі мықты қарсыласқа қарсы күш сынау мүмкіндігі.
Ал Ереван үшін бұл – тағы бір жазғы кеш, саясат бірнеше сағатқа Арараттың етегінде футболға жол береді.
Ойын 6 маусым күні, Қазақстан уақыты бойынша 21:00-де өтеді. Матчтың тікелей көрсетілімін Qazsport телеарнасы ұсынады.
