Сәтпаев пе? Армения құрамасының қақпашысы Қазақстан туралы білімімен таңғалдырды
Армения құрамасының қақпашысы Огнен Чанчаревич Sports24.kz порталына берген сұхбатында Қазақстан құрамасына қарсы өтетін жолдастық кездесуге пікір білдірді.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы сенбі, 6 маусым күні Ереванда Армениямен жолдастық матч өткізеді. Талғат Байсуфиновтың шәкірттері үшін бұл ойын Венгрияға қарсы сырт алаңдағы кездесудің алдындағы маусым айындағы екі сынақтың алғашқысы болмақ.
«Мен үшін ұлттық құрамада ойнау – әрдайым қуаныш. Қазір жақсы формадамын, Сербия чемпионатында ойын тәжірибем жеткілікті болды. Қазақстандық футболшылардың көбін білемін. Қазақстан ұжымы жақсы, жинақы футбол көрсетеді. Біз екі жыл бұрын Қазақстанмен жолдастық матч өткіздік, 2:1 есебімен жеңіске жеттік. Ол да оңай ойын болған жоқ, ертең де сондай тартысты болады деп ойлаймын. Қазақстанның құрамында шебер ойыншылар бар. Сәтпаев па? Дұрыс айттым деп үміттенемін. Әліп, Малы – барлығы мықты футболшылар. Біз Қазақстан командасына құрметпен қараймыз», – деді Огнен Чанчаревич.
Еске сала кетейік, жолдастық кездесу Еревандағы Вазген Саркисян атындағы Республикалық стадионда өтеді. Бұған дейін мәскеулік «Спартактың» бұрынғы бас бапкері, армян клубтары «Ноа» мен «Урартуда» да жұмыс істеген Дмитрий Гунько, Армения Қазақстанмен матч алдында құрамда айтарлықтай кадрлық қиындықтар бар екенін мәлімдеген еді.
Сонымен қатар, Sports24.kz журналистері алдағы матчқа қатысты басты статистикалық мәліметтерді жинады.