locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Дебюттер, рекордтар және жаңа мүмкіндіктер. Армения – Қазақстан матчында неге назар аудару керек

Ойын 6 маусымда өтеді
ФОТО: КФФ

6 маусым, сенбі күні Қазақстан ұлттық құрамасы Ереванда Арменияға қарсы жолдастық кездесу өткізеді. Sports24.kz алдағы матч алдындағы басты деректерді жинақтады.

Бұл кездесу Талғат Байсуфиновтің командасы үшін Венгриядағы сырт алаңдағы ойын алдында өтетін маусым айындағы екі тексерістің алғашқысы болмақ.

Жолдастық мәртебесіне қарамастан, алда келе жатқан ойын жарқын оқиғалар мен жеке жетістіктерге толы болатыны анық.

Жаңадан келгендерге мүмкіндік

Қазақстан құрамасының өтініміне алты бірдей футболшы алғаш рет шақырылды. Олар – қорғаушылар Санжар Сатан және Сағи Совет, жартылай қорғаушы Абинур Нұрымбет, сондай-ақ, шабуыл шебіндегі Максат Абраев, Жасұлан Әмір және Мәжжан Тоқтыбай.

Олардың көпшілігі үшін ұлттық құрамаға шақырту – мансабындағы алғашқы қадам, сондықтан Еревандағы матч бірден бірнеше жас ойыншы үшін халықаралық мансаптың бастауы болуы мүмкін.

Малый шыңға жақындап келеді

Қорғаушы Сергей Малый Қазақстан құрамасы тарихындағы ең көп ойын өткізген футболшылар тізіміндегі орнын нығайтып келеді. Қазір оның еншісінде 73 матч бар, алдағы кездесуде ол ұлттық құрама тарихында екінші орынға жеке-дара шығуы ықтимал.

Абсолютті рекорд иесі Самат Смақовтың есебінде 76 матч бар, оған дейін небәрі бірнеше қадам қалды.

Байсуфинов екінші орынға шығуға жақын

Алдағы матч Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов үшін де ерекше болғалы тұр. Армениямен ойын оның ұлттық құрама тізгінін ұстағандағы 25-ші кездесуі болуы мүмкін.

Осы көрсеткіш бойынша ол Қазақстан құрамасы тарихында екінші орынға көтеріліп, тек нидерландтық Арно Пайперске (36 матч) ғана жол береді.

Самородов тарихи жетістікке жақын

Қазіргі құраманың көшбасшыларының бірі Максим Самородов ұлттық құрама тарихындағы үздік он сұрмергеннің қатарына кіру үшін бір ғана голдан бөлек тұр.

Ресей чемпионатында өзін жарқын көрсеткен шабуылшының еншісінде әзірге бес гол бар. Келесі дәл соққысы оған Қазақстан тарихындағы ең нәтижелі ойыншылар қатарына қосылуға мүмкіндік береді.

Оразов үшін мерейтойлық матч

Жартылай қорғаушы Рамазан Оразов 40-шы кездесуін ұлттық құрама сапында өткізуі мүмкін. Соңғы жылдары ол ұлттық команданың негізгі ойыншыларының біріне айналды, әрі әлі де орталық алаңдағы маңызды фигура болып қала береді.

Чесноков үшін кезекті межелі ойын

Ислам Чесноков та мерейтойға жақын қалды. Егер вингер Ереванда алаңға шықса, бұл оның Қазақстан құрамасындағы 25-ші ойыны болады.

Алғашқы голды кім соғады?

Бірнеше футболшы ұлттық құрамасы сапындағы алғашқы голын соғуға жақын. Олардың қатарында капитан Нұралы Әліп, сондай-ақ Александр Мрынский, Еркін Тапалов және Арсен Әширбек бар.

Сонымен қатар, құраманың жаңа ойыншылары да дебюттік голдарын соғуы мүмкін.

Арменияға қарсы жолдастық кездесу – ресми матчтар алдындағы дайындық қана емес, жас ойыншыларға өздерін көрсетуге, ал тәжірибелі футболшыларға тарихи жетістіктерге жақындауға мүмкіндік болады.

Ойын 6 маусым күні, Қазақстан уақытымен 21:00-де өтеді. Матч Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Спорт — бір шертуде!
Біздің қауымдастықтарға жазылыңыздар да, спорттық оқиғалардан хабардар болыңыздар!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie