Рыбакина Уимблдон алдында тағы бір беделді турнирде ойнайды
Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон алдындағы шөптегі маусымға дайындықты жалғастырып, тағы бір беделді турнирге қатысады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстандық теннисші Германияның Бад-Хомбург қаласында өтетін WTA 500 Bad Homburg Open powered by Solarwatt турнирінің қатысушылар тізіміне енді.
Жарыс 21-27 маусым аралығында шөп жамылғысындағы корттарда өтеді. Турнирдің жалпы жүлде қоры 1,2 миллион доллардан асады.
Рыбакина Германиядағы турнирде өнер көрсетеді
Еленаның турнирге қатысатынын жарыс ұйымдастырушылары ресми түрде жариялады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Бад-Хомбургте «Үлкен дулыға» турнирінің қазіргі чемпиондарының бірі де бақ сынайды.
Бұл турнир Рыбакина үшін Уимблдон алдындағы маңызды дайындық кезеңдерінің бірі болмақ.
Оған дейін Рыбакина Лондонда ойнайды
Германиядағы жарысқа дейін қазақстандық теннисші Лондонда өтетін беделді WTA 500 The Queen’s Club Championships турниріне қатысады.
Турнир 8-14 маусым аралығында өтеді.
Елена алғашқы кездесуін грек теннисшісі Мария Саккари мен іріктеуден өткен теннисшілердің бірінің арасындағы матч жеңімпазына қарсы өткізеді.
Рыбакинаның соңғы турнирі қалай аяқталды
Еске салайық, Еленаның соңғы жарысы Roland Garros-2026 болды.
Францияның ашық чемпионатында қазақстандық теннисші күтпеген жерден екінші айналымда жарыс жолынан шығып, украиналық Юлия Стародубцеваға есе жіберді.