Қазақстан чемпионатының жүлдегері Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапты
24 қыркүйекте Каспий теңізінде Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің арасында Маңғыстау облысының жас спортшысы Сержан Аяпберген де болды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кейін Қорғаныс министрлігі қаза тапқан 12 әскери қызметшінің тізімін жариялады. Олардың қатарында мерзімді әскери қызметші, матрос Аяпберген Сержан Талғатұлының есімі бар. Ол 2006 жылғы 18 ақпанда дүниеге келген, Маңғыстау облысының тумасы, Ақтау қаласында тұрған. Сержан небәрі 20 жаста еді.
Әскер қатарына алынғанға дейін Сержан бірнеше жылын спортқа арнады. Ол Маңғыстау облысындағы «Жас Батыр» спорт мектебінің тәрбиеленушісі болып, самбо және дзюдомен айналысты. Жас кезінен өңір намысын түрлі деңгейдегі жарыстарда қорғады.
Аяпбергеннің алғашқы ірі жетістіктерінің бірі 2018 жылдың ақпанында Бішкекте өткен халықаралық самбо турнирінде тіркелді. Ол кезде 12 жастағы Сержан 35 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесіп, финалға дейін жетіп, күміс жүлдеге ие болды. Аталған жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан 327 спортшы қатысты.

Сол турнирде «Жас Батыр» мектебінің тәрбиеленушілері алты жүлде иеленді. Сержан да команданың жалпы есепте бірінші орын алуына үлес қосты. Оның бапкері Айбек Бисекенов сол кезде жас спортшыға финалда жеңіске жету үшін сәл ғана сәттілік жетпегенін айтқан еді.
Аяпберген дзюдодан да жарыстарға қатысты. Ақтауда өткен жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирде 42 келіге дейінгі салмақта қола жүлде жеңіп алды. Бұл бәсекеге Қазақстанның әр өңірінен және шетелден келген спортшылар қатысты.
Бұған дейін де Сержан 2006–2008 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы жарыстарда жеңімпаз атанған. Оның есімі «Жас Батыр» мектебі ұйымдастырған турнирлерде алтын медаль иеленген спортшылардың қатарында аталды.
Спорт мектебінің мәліметінше, Аяпберген спорттағы жылдары Қазақстан чемпионатында самбодан жүлдегер атанып, ТМД студенттері арасындағы жарыстарда жүлде жеңіп алған. Сондай-ақ дзюдодан республикалық және халықаралық турнирлерге қатысты.

Кейін Сержан мерзімді әскери қызметін өтеуге аттанды.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болды. Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген. Салдарынан әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.
Өңір билігінің нақтыланған мәліметі бойынша, суға 17 адам түскен. Олардың 12-сі қаза тапты, үшеуі құтқарылды, тағы екі адамды іздеу жұмыстары жалғасты.
Әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалып, Үкіметтік комиссия құрылды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Қайғылы жағдайға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Маңғыстаудың спорт қауымдастығы үшін Сержан Аяпберген Каспийдегі трагедияда қаза тапқан әскери қызметші ғана емес, жастайынан татамиге шығып, туған өңірінің намысын қорғаған, жүлделер жеңіп, спорттағы өз жолын қалыптастырып келе жатқан жас спортшы ретінде есте қалады.
Өкінішке қарай, оның өмір жолының соңғы парағы спортпен емес, әскери қызметпен байланысты болды.