Уразбахтин «Панатинаикоспен» матч алдында: «Біз қарсыласты құрметтейміз, бірақ ешкімнен қорықпаймыз»
«Қайрат» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Конференция лигасының жалпы кезеңі екінші турындағы грек клубы «Панатинаикосқа» қарсы алдағы матч туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Маман қарсыластың деңгейін бағалап, маусым соңындағы команданың физикалық жағдайы туралы айтып берді және алдағы кездесуде қолданылуы мүмкін тактикалық сызбаны неге ашып айтпағанын түсіндірді.
Уразбахтиннің айтуынша, «Қайрат» еурокубок матчына тиісті көңіл күймен келіп отыр, ал халықаралық аренадағы ойын тәжірибесі футболшыларға түсетін жүктемені еңсеруге көмектеседі.
«Жалпы, аздап шаршау бар. Бірақ бәрі жақсы болғанда, жеңіске жетіп жүрген кезде тезірек қалпына келесің және бұл шаршауды аса байқамайсың. Ал жеңілгенде, әрине, физикалық тұрғыдан да, эмоциялық тұрғыдан да шаршайсың. Бұл — жағымсыз эмоциялар көбірек болатын жағдай», - деді бапкер.
Уразбахтин сондай-ақ Якоб Нееструптың қазіргі командасын «Қайрат» былтыр Чемпиондар лигасында қарсы ойнаған «Копенгагенмен» салыстырды.
«Бұл — өз идеялары бар заманауи бапкер. Заманауи футбол ойнайтын, прессинг жасағанды ұнататын, допқа иелік етуге көп уақыт бөлетін жаттықтырушы. Біз екі команданы салыстыруға тырыстық. Иә, бірақ өткен жылғы командамен салыстырғанда ойынның біраз өзгергені көрініп тұр. Олар доппен көбірек жұмыс істейді. Сызба да сәл өзгерген болуы мүмкін», - деді маман.
«Панатинаикостың» күші туралы айта келе, алматылықтардың бапкері грек клубының деңгейін толық бағалау үшін матчты күту керектігін атап өтті. Сонымен қатар ол команданың мәртебесі мен құрамының сапасына тоқталды.
«Клубтың тарихы құрметке лайық. Бұл — Грекиядағы танымал клуб. Қазір матчқа дейін нақты бірдеңе айту қиын. Тек болжам жасауға болады. Клубта деңгейі жоғары, мықты футболшылар бар екенін түсінеміз, сондықтан мұның бәріне лайықты баға береміз. Бірақ кез келген қарсыласпен ойнауға болады, әрі біз өз алаңымызда ойнаймыз. Біздің басты міндетіміз — ешкімнен қорықпау. Біз қарсыласты құрметтейміз, бірақ ешкімнен қорықпаймыз. Батыл әрі тәртіпті ойнап, қолымызда болатын мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек», - деп атап өтті Уразбахтин.
Бапкер үш қорғаушыға негізделген сызбаны қолдану мүмкіндігіне де түсініктеме берді. Оның айтуынша, тактиканы таңдау нақты қарсыласқа және футболшылардың жағдайына байланысты болады.
«Мәселе үш қорғаушыда деп ойламаймын. Үш қорғаушы шығарамыз да, бәрі ойдағыдай болады деген сөз емес. Қарсыласты нақты талдап, дәл қазіргі сәтте эмоциялық және физикалық жағдайы жақсы ойыншыларды алаңға шығару керек. Қазір бұл туралы айтпаймын», - деді маман.
Уразбахтин «Панатинакостың» тәжірибелі футболшылары туралы да жеке пікір білдіріп, олардың арасынан Стефан де Врейді атап өтті. Сондай-ақ ол алдағы кездесуді «Қайрат» ойыншылары үшін жоғары деңгейдегі қарсыластар аясында өз күшін сынауға мүмкіндік деп атады.
«»Панатинаикос» командасында деңгейі жоғары футболшылар бар. Менің ойымша, биыл командаға мықты әрі тәжірибелі ойыншылардың үлкен тобы қосылды. Сол де Врейдің өзі «Интер» сапында ойнаған. Бұл футболшының мәртебесі көп нәрсені аңғартады. Оның командада болуының өзі жанында ойнайтын футболшылардың деңгейін көтереді», - деді бапкер.
Сонымен қатар «Қайрат» бапкері мұндай матчтар алдында футболшыларға қосымша мотивация қажет емес екеніне сенімді.
«Біз үшін, әрқайсымыз үшін, әрине, осындай мықты ойыншыларға қарсы өзімізді сынап, мүмкіндіктерімізді көрсету — үлкен мүмкіндік. Сондықтан, өзім айтқандай, мұндай матчтарға жігіттерді арнайы дайындаудың қажеті жоқ. Қарсыластың мәртебесі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым көп нәрсе айтудың қажеті болмайды. Жігіттердің өздері бәрін түсінеді, міндеттеріне кәсіби тұрғыдан қарайды. Олар үшін бұл, әрине, сын-қатер әрі өздерін тексеруге мүмкіндік», - деп қорытындылады Уразбахтин.
Конференция лигасының жалпы кезеңінің бірінші турында «Панатинаикос» «Борацты» 2:1 есебімен жеңді. Қазіргі таңда грек командасы турнир кестесінде 10-орында тұр. «Қайрат» турнирдегі алғашқы матчында сырт алаңда «Риғамен» тең ойнады (1:1) және 17-сатыда орналасқан.
«Қайрат» пен «Панатинаикос» арасындағы кездесу 22 қазанда Алматыдағы «Орталық» стадионында өтеді. Матч Қазақстан уақытымен 19:30-да басталады.