«Ғажайыпқа сенеміз»: «Қайрат» капитаны ҚПЛ-дегі чемпиондық жарыс туралы
«Қайрат» капитаны Александр Мартынович Қазақстан Премьер-лигасындағы маусымның аяқталуына екі тур қалғанда турнирлік жағдай туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Беларусь футболшысы чемпион атану мүмкіндігі аз екенін түсінеді, алайда ғажайыпқа сенуге шақырды.
«Ешқандай қысым жоқ, турнирлік кестедегі жағдай бізге еш әсер етіп жатқан жоқ. Қазір біз осындай жағдайда тұрмыз. Бар болғаны осы — жағдайды қандай болса, солай қабылдауымыз керек. Иә, чемпион атану мүмкіндігіміз аз, бірақ біз ғажайыпқа сеніп, өз тарапымыздан барынша қолымыздан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз», — деді Мартынович.
Еске салайық, өткен демалыс күндері ҚПЛ көшбасшылары кезекті жеңістеріне қол жеткізді. «Ордабасы» «Ақтөбені» 3:1 есебімен жеңсе, «Қайрат» «Ертісті» ойсырата ұтты (5:0).
Андрей Мартин шәкірттері маусымның аяқталуына екі тур қалғанда қазіргі чемпионнан төрт ұпай алда келеді және келесі турда «Жеңісті» жеңсе, чемпиондық атақты мерзімінен бұрын рәсімдей алады.