Дастан Сатпаев Қазақстанға қашан оралады?
Англияның «Бернли» клубында ойнайтын шабуылшы Дастан Сатпаев Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы қараша айындағы матчтарына арналған кеңейтілген құрамға енді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ұлттық құраманың бас бапкері Джон ван ’т Схип алдын ала тізімге 38 футболшыны қосты. Қорытынды өтінім кейінірек жасақталады.
Егер Сатпаев соңғы өтінімге енсе, қараша айында ұлттық құрама сапына оралуы мүмкін. Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы топтық кезеңінің соңғы екі матчын өткізеді: 13 қарашада сырт алаңда Молдовамен ойнайды, ал 16 қарашада Астанада Словакияны қабылдайды.
Соңғы рет Дастан Сатпаев ұлттық құрама сапында маусым айында Арменияға (1:1) және Венгрияға (1:3) қарсы жолдастық кездесулерде алаңға шықты.
Одан кейін тамыз айында ол лондондық «Челсимен» келісімшартқа отырды. Бірнеше күннен соң Қазақстан футболшысы маусым соңына дейін жалға берілді: оны Чемпионшипте өнер көрсететін «Бернли» клубы сапына қосты.
Еске салайық, қыркүйек айында Сатпаев «Бернли» мен «Мидлсбро» (1:1) арасындағы матчта жамбасының артқы бұлшықетінен жарақат алды. Осыған байланысты 18 жастағы футболшы Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасының төрт кездесуін өткізіп алды. Онсыз команда Молдова мен Словакиядан жеңіліп, Фарер аралдарымен екі рет тең ойнады.
Қазан айында қазақстандық футболшы қалпына келіп, «Уотфордқа» қарсы ойында алаңға қайта шықты. Кейін «Челсидің» тыйымына байланысты бір матчқа қатыспады, алайда «Вулверхэмптонға» қарсы соңғы кездесуде қайтадан алаңға шықты.
Дастанның ұлттық құрама сапында барлығы 8 матчы бар. Шабуылшы 1 гол соқты — 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Бельгия қақпасына.