УЕФА «Қайрат» — «Левски» матчтарының күндері мен уақытын жариялады
УЕФА клубтық жарыстар комитеті Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі «Қайрат» пен болгарлық «Левски» арасындағы матчтардың күндері мен уақытын анықтады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Еуропалық футболдың басты органы сайтының мәліметіне сәйкес, алғашқы ойын 4 тамыз, сейсенбі күні, Астана уақытымен 22:30-да Болгария астанасы Софиядағы Георгий Аспарухов атындағы стадионда өтеді.
Қарымта кездесу тура бір аптадан соң, 11 тамыз күні Астана уақытымен 20:00-де Түркістандағы «Түркістан Аренада» өтеді. Бұл матч Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі жауап кездесулер бағдарламасының ашылуы болады.
- Сондай-ақ оқыңыз: «Қайрат» — «Левски» және ЛЧ-ның 3-ші іріктеу кезеңіндегі басқа да жұптар
Еске сала кетейік, осы кезеңдегі барлық қарымта матч 11 тамызда өтеді. Бұл 12 тамыз күні Зальцбургте ПСЖ мен «Астон Вилла» арасындағы УЕФА Суперкубогы өтетініне байланысты, ал УЕФА ережесіне сәйкес, сол күні басқа турнирлердің ойындары өткізілмейді.
«Қайраттың» Алматыдан шығуына себеп — Орталық стадионда Канье Уэсттің концерті өтуіне байланысты, сол себепті «Левскимен» ойынға алаң қолжетімсіз болды. УЕФА түсіністік танытып, ойынды Түркістанға ауыстырды.
