Тикнизян Самородовты жоғары бағалады және Сатпаевтың өзінде жоқ тәжірибесі бар екенін айтты
Армения құрамасының жартылай қорғаушысы Наир Тикнизян Қазақстанға қарсы өткен жолдастық матчтан кейін (1:1) Максим Самородовтың ойынын жоғары бағалап, Дастан Сатпаевтың болашағы жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Футболшының айтуынша, армян құрамасы қарсыласқа тыңғылықты дайындалып, қазақстандықтардың күшті тұстарын арнайы талдаған.
«Біз Қазақстанды мұқият зерттедік, себебі олар қарсы шабуылда өте қауіпті. Бұл командада жақсы орындаушылар бар – мен жеке өзім Сатпаевты, Самородовты және Алиповты білемін. Бұлар – жоғары деңгейдегі футболшылар», – деді Тикнизян.

Әсіресе армян футболшысы Қазақстан құрамасының гол авторы Максим Самородовты ерекше атап өтті. Ол ұлттық құрамадағы дебютант Жасұлан Амирдің пасынан кейін 50-минутта есеп ашқан еді.
«Максим сәттілік тауып, шеберлікпен мүмкіндікті іске асырды. Ол өте мықты деңгейдегі ойыншы. Құдай қаласа, ол өз күшін одан да мықты командада сынап көрсе екен деймін. Сонда халықаралық тәжірибесінің арқасында, бәлкім, Ресей чемпионатынан да деңгейі жоғары лигаға өтіп қалуы мүмкін», – деді Тикнизян.

Сондай-ақ жартылай қорғаушы болашақта лондондық «Челсиге» қосылуы тиіс 16 жастағы шабуылшы Дастан Сатпаев туралы пікірін айтты.
«Сатпаевқа келсек, бәрі оның "Челсиде" орнығып кете ала ма, соған байланысты болады. Ол жас болса да, мықты әрі Лига чемпиондарында ойнаған тәжірибесі бар – ал менде, мысалы, ондай тәжірибе жоқ. Құдай қаласа, жолы болып, бәрі ойдағыдай болсын. Ол тамаша футболшы», – деп атап өтті Армения құрамасының ойыншысы.
Айта кетейік, Армения мен Қазақстан арасындағы жолдастық матч 1:1 есебімен тең аяқталды. Қазақстан құрамасының Максим Самородов соққан голына алаң иелері Эдуард Сперцянның дәл соққысымен жауап берді.