«Оның потенциалы өте жоғары»: Байсуфинов Жасұлан Әмірдің ойыны туралы айтты
Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов Арменияға қарсы жолдастық матчтағы тең ойын туралы пікір білдіріп, жас футболшылардың ойынын ерекше атап өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ұлттық команда бапкері дебютанттардың өнеріне көңілі толғанын айтып, жастардың сырт алаңдағы қысымға қарамастан сенімді ойнағанын жеткізді.
«Әрине, Жасұланға әлі уақыт керек. Бірақ алғашқы матчына қарасақ, өте жақсы ойын көрсетті. Потенциалы өте жоғары екенін анық байқап отырмыз. Ең бастысы - жігіттерде ешқандай қобалжу болған жоқ. Дебюттік кездесуде өте жақсы деңгей көрсетті», - деді Қазақстан құрамасының бас бапкері.
Байсуфинов Қазақстанның тактикасын түсіндірді
Сонымен қатар маман Армения құрамасының агрессивті прессингіне қарсы қандай ойын жоспары құрылғанын да айтып өтті.
«Қарсыласқа жеңіс ауадай қажет екенін білдік. Сондықтан алғашқы минуттардан жоғары прессинг пен агрессия күткен едік. Біз ойыншыларға допты алға қарай бейберекет теуіп жібермей, қысқа пас арқылы сабырмен шығуды тапсырдық. «Алға теп те жүгір» деген футбол өзімізге де ұнамайды», - деп қосты Байсуфинов.
Еске салайық, Армения мен Қазақстан құрамалары арасындағы жолдастық кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Қазақстан сапында Максим Самородов гол соқса, нәтижелі пасты ұлттық құрамадағы дебюттік матчін өткізген Жасұлан Әмір жасады.