«Өз жоспарым бар». Иван Дычко Англиядағы жеңісінен кейін мәлімдеме жасады
Қазақстандық суперауыр салмақтағы боксшы Иван Дычко Ұлыбританиядағы жеңісінен кейін өз әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Борнмуттағы бокс кешінен кейін қазақстандық спортшы британдық Харви Дайксты жеңгеніне қуанышты екенін айтып, командасына алғыс білдірді. Иванның айтуынша, бұл жеңіс оның рингке оралғаннан кейінгі маңызды қадамдарының бірі болды.
«Бұл жеңіске өте қуаныштымын. Осындай мүмкіндік берген адамдарға, сондай-ақ бапкеріме және бүкіл командама үлкен рақмет айтқым келеді», - деді Дычко жекпе-жектен кейін.
Сонымен қатар қазақстандық боксшы Лондон Олимпиадасын еске алып, Англияда қайта жұдырықтасқанына риза екенін жеткізді.
«Иә, Олимпиададан бері көп уақыт өтті. Англияға қайта оралғаныма қуаныштымын», - деді суперауыр салмақтағы боксшы.
Дычко келесі жекпе-жегі туралы айтты
Алдағы қарсыласы жайлы сұраққа жауап берген Иван әзірге нақты шешім қабылдамағанын айтты.
«Көре жатармыз. Өз жоспарым бар, бірақ келесі жекпе-жек бойынша команда пікіріне де құлақ асамын. Қазір сәл тынығып алып, кейін қайтадан ауыр дайындыққа кірісемін», - деді қазақстандық спортшы.
Еске салайық, Иван Дычко Борнмутта өткен Zuffa Boxing турнирінде өнер көрсетті. Бұл UFC президенті Дана Уайтқа тиесілі жаңа бокс промоушенінің алғашқы шетелдегі кеші болды.
Қазақстандық боксшы британдық Харви Дайксты бірінші раундта нокдаунға жіберіп, он раунд қорытындысында төрешілердің екіге бөлінген шешімімен жеңіске жетті.