Самородов гол соқты, Әмір дебют жасады: Қазақстан Армениямен тең түсті
Қазақстан құрамасы Армениямен жолдастық матчта тең түсті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ереванда өткен кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Командалар голдарды екінші таймда соқты.
Алғашқы таймда алаң иелері белсендірек көрінді. Армения құрамасы бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, қазақстандықтар қорғаныста сенімді ойнап, есеп ашылған жоқ.
Үзілістен кейін Талғат Байсуфинов шәкірттері шабуылды күшейтіп, есепте алға шықты. 50-минутта Максим Самородов айып алаңына еніп, дәл соққымен қақпаны дәл көздеді.
Бұл голға нәтижелі пасты Жасұлан Әмір берді. Жас футболшы үшін бұл Қазақстан ұлттық құрамасындағы алғашқы матч болды.
Алайда қазақстандықтар басымдықты ұзақ ұстап тұра алмады. 53-минутта армениялық Эдуард Сперцян алыстан керемет соққы жасап, есепті теңестірді - 1:1.
Матч соңына дейін екі команда да жеңіс голын іздегенімен, есеп өзгеріссіз қалды.
Жолдастық матч
Армения - Қазақстан - 1:1 (0:0)
Голдар: Самородов, 50 (0:1), Сперцян, 53 (1:1).
Қазақстан құрамасы келесі жолдастық кездесуін Мажарстанға қарсы өткізеді.