Сәтпаевсыз ойнаған «Бернли» Чемпионшиптегі тартысты кездесуде жеңісті уысынан шығарып алды
Англия Чемпионшипінде «Бернлидің» жеңіссіз сериясы жалғасты. 15-турда сырт алаңда «Кардифф Ситиге» қарсы ойнаған команда қарсылас қақпасына төрт гол соққанымен, тіпті бір ұпай да еншілей алмады. Кездесу алаң иелерінің 5:4 есебімен жеңісімен аяқталды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Матчтың алғашқы бөлігінде басымдық толықтай қонақтар жағында болды. 15-минутта Андреас Унтонджи есеп ашса, араға он минут салып Маркус Эдвардс «Бернлидің» басымдығын арттырды. Үзіліске аз уақыт қалғанда Олли Таннер уэльстік клубтың алғашқы голын соқты. Осылайша, командалар бірінші таймды 1:2 есебімен аяқтады.
Екінші таймда да «Бернли» қарсылас қорғанысындағы қателіктерді тиімді пайдаланды. 55-минутта Ларжи Рамазани үшінші голды соқты. Көп ұзамай «Кардифф» қорғаушысы Алекс Робертсон допты өз қақпасына бағыттап алды. Есеп 4:1-ге жеткенде қонақтар көптен күткен жеңісіне жақындағандай көрінген. Алайда кездесудің соңғы бөлігінде жағдай түбегейлі өзгерді.
65-минутта Юсеф Салех есеп айырмасын қысқартып, алаң иелерінің қарымта шабуылына жол ашты. Он минуттан кейін Джек Мойлан пенальтиді сәтті орындады. Артынша Салех екінші голын соғып, таразы басын теңестірді – 4:4.
Бұған қарамастан, «Кардифф» шабуылын тоқтатқан жоқ. Төреші қосқан уақытта бұған дейін өз қақпасына гол соғып алған Алекс Робертсон «Бернлидің» қақпасын дәл көздеді. Оның нәтижелі соққысы уэльстік командаға 5:4 есебімен жеңіс әкелді.
Англия Чемпионшипі. 15-тур
«Кардифф Сити» – «Бернли» – 5:4
Голдар: Унтонджи, 15 (0:1); Эдвардс, 25 (0:2); Таннер, 40 (1:2); Рамазани, 55 (1:3); Робертсон (1:4, автогол); Салех, 65 (2:4); Мойлан, 75 (3:4, пенальти); Салех (4:4); Робертсон (5:4).
Қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев бұл кездесуге қатысқан жоқ. 18 жастағы футболшы санның артқы бұлшықетінен алған жарақатынан әлі толық айықпағандықтан, матчқа берілген өтінімге енбеді.
Осы жеңілістен кейін «Бернлидің» жеңіссіз сериясы алты матчқа жетті. Англиялық клуб Чемпионшиптің 15 турынан кейін он ұпаймен турнирлік кестенің 22-орнында қалып отыр.