«Бернли» бапкері Дастан Сәтпаевтың алаңға қашан оралатынын айтты
Англиялық «Бернли» клубының бас бапкері Фабио Челестини Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың жарақатынан кейінгі жағдайы туралы айтты. Маманның сөзінше, 18 жастағы футболшының қараша айындағы халықаралық үзілістен кейін алаңға оралуы әзірге белгісіз, деп хабарлайды Sports24.kz.
Burnley Express басылымының жазуынша, швейцариялық жаттықтырушы командадағы жарақат алған ойыншылардың мәселесі үзілістен кейін де шешілмеуі мүмкін екенін мойындаған. Сәтпаевтан бөлек, Армандо Бройя мен Башир Хамфрис те әзірге командаға көмектесе алмайды.
«Сәтпаевтың қашан оралатынын қазір нақты айта алмаймын. Бройяның қалпына келуіне көбірек уақыт қажет болатын сияқты. Ал Хамфристің жағдайын ертең тексереміз, бірақ оған да тағы бірнеше апта керек деп ойлаймын. Жағдай оңай емес. Сондықтан халықаралық үзілістен кейін көптеген ойыншымыз бірден қатарға қосылады деп күтпеймін», - деді Челестини.
Бұған дейін Сәтпаевтың санның артқы бөлігіндегі бұлшықетін қайта жарақаттап алғаны белгілі болған. Қазақстандық шабуылшы осыған ұқсас жарақатқа байланысты бірнеше апта бойы алаңға шыға алмаған еді. Кейін жаттығуға оралып, ойын уақытын біртіндеп көбейте бастаған.
Алайда қазан айының соңында Дастан қайтадан «Бернлидің» матчтарына қатыса алмады. Ол «Портсмут» (0:0) және «Куинз Парк Рейнджерс» (1:1) командаларына қарсы кездесулерді өткізіп алды.
Челестини бұған дейін клубтың медициналық штабы Сәтпаевтың трансферлік құқығына иелік ететін «Челсимен» тұрақты байланыста екенін айтқан. Әзірге тараптар футболшының толық қалпына келетін нақты мерзімін жариялаған жоқ.
Жарақатына байланысты Сәтпаев Қазақстан құрамасының қараша айындағы Ұлттар лигасы матчтарына арналған тізіміне де енбеді.
«Бернли» келесі кездесуін 7 қарашада Чемпионшип аясында «Кардифф Ситиге» қарсы өткізеді. Ойын Қазақстан уақытымен сағат 20:00-де басталады.
Еске салайық, Дастан Сәтпаев 2026 жылдың жазында 18 жасқа толғаннан кейін «Челси» сапына қосылды. Кейін маусым соңына дейін «Бернлиге» жалға берілді.