Дастан Сәтпаев «Бернлидің» «Кардиффке» қарсы матчын өткізіп алады: себебі белгілі болды
Англиялық «Бернли» 7 қарашада Чемпионшиптің 15-туры аясында Уэльстің «Кардифф Сити» командасына қарсы өтетін матчқа құрамын жариялады. Қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев жарақатына байланысты өтінімге енбей, кезекті кездесуді өткізіп алады, деп хабарлайды Sports24.kz.
18 жастағы футболшы санның артқы бұлшықетінен алған жарақатынан әлі толық айыққан жоқ. Сәтпаевтың алаңға оралуына әзірге ерте болғандықтан, ол алдағы кездесуде командасына көмектесе алмайды.
«Бернлидің» негізгі құрамы: Кудер, Банель, Унтонджи, Пирес, Игор, Лорент, Рамазани, Уокер, Хатате, Эдвардс, Экдаль.
Қазақстандық футболшының қатардан шығып қалуы «Бернли» үшін күрделі кезеңмен тұспа-тұс келді. Алдыңғы турда команда сырт алаңда «Куинз Парк Рейнджерспен» 1:1 есебімен тең түсіп, тағы да жеңіске жете алмады.
Ал «Кардифф Сити» соңғы кездесуінде үш доп айырмасымен алда тұрғанына қарамастан, басымдығын сақтай алмады. Уэльстік клуб өз алаңында «Вест Хэммен» 3:3 есебімен тең ойнады.
Чемпионшиптің 14 турынан кейін «Бернли» он ұпаймен турнирлік кестенің 22-орнында тұр. Ал 15 ұпай жинаған «Кардифф» 18-сатыға жайғасқан. Сондықтан алдағы кездесу екі команда үшін де турнирлік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Еске салайық, Сәтпаев лондондық «Челсиден» жалға алу келісімі бойынша «Бернли» сапында өнер көрсетіп жүр. Жарақатына байланысты шабуылшы клубының кезекті кездесуінен бөлек, Қазақстан құрамасының қараша айындағы Ұлттар лигасы матчтарына да қатыса алмайды.
Қазақстан ұлттық құрамасы 13 қарашада Молдованы қабылдаса, 16 қарашада сырт алаңда Словакиямен кездеседі.