locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Жеңіске еш күмән жоқ»: Мартин Қазақстан кубогының финалын қорытындылады

Мартин «Қайсарды» ірі есеппен жеңгеннен кейін Қазақстан кубогының финалы туралы айтты
Футбол
«Жеңіске еш күмән жоқ»: Мартин Қазақстан кубогының финалын қорытындылады
ФОТО: ФК Ордабасы
Қазақстан Кубогы
07.11.2026, Аяқт.
Ордабасы Шымкент
4
Кайсар
1

«Ордабасы» футбол клубының бас бапкері Андрей Мартин Қазақстан кубогының финалында «Қайсарды» жеңгеннен кейін ойын туралы пікірін айтты. 7 қарашада «Түркістан Арена» стадионында өткен шешуші кездесу шымкенттік команданың 4:1 есебімен жеңісімен аяқталды, деп хабарлайды Sports24.kz.

Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында молдовалық маман алдымен Премьер-лигадағы сәтсіз маусымына қарамастан, ел кубогының финалына дейін жеткен қарсылас командаға құрмет білдірді.

«Ең алдымен, «Қайсарға» алғыс айтқым келеді. Олар үшін биылғы маусым оңай болған жоқ. Премьер-лигадан шығып қалса да, кубок финалына дейін жетіп, өз қаласының намысын лайықты қорғады. Бізге құрмет дәлізін жасап бергені үшін де ризашылығымды білдіремін. Қызылордалық клуб қиындықтарды еңсеріп, Қазақстан футболының жоғары дивизионына тезірек оралады деп сенемін», – деді Мартин.

Кездесудің барысына тоқталған бас бапкер шәкірттерінің жоспарды толық орындап, ойын тізгінін алғашқы минуттардан-ақ өз қолына алғанын атап өтті.

«Біз бірінші минуттан соңғы ысқырыққа дейін ойынды бақылауда ұстадық. Шабуылда белсенді болып, қорғаныстан шабуылға жылдам ауыстық. Команда сапалы әрі заманауи футбол көрсетті. Бүгін стадионға жиналғандардың ешқайсысы «Ордабасының» бұл кубокты лайықты жеңіп алғанына күмән келтірмейді деп ойлаймын», – деді маман.

Мартин Шымкент тұрғындарына қолдауы үшін алғыс айтып, клубтың дамуына қала басшылығының қосып отырған үлесін де ерекше атап өтті.

Бапкердің айтуынша, чемпионат аяқталғаннан кейінгі екі апталық үзіліс команданың финалға тыңғылықты дайындалуына мүмкіндік берген. Осы уақыт аралығында футболшылар күш жинап, шешуші ойынға психологиялық тұрғыдан да дайындалған.

«Финалға дейін екі апта уақытымыз болды. Кейбір ойыншыларға демалып, күш жинауға және біраз уақыт футболдан көңіл бөлуге мүмкіндік бердік. Бапкерлер штабының бірлескен жұмысының арқасында команда шешуші кездесуге жақсы дайындықпен келді. Біз Шымкенттің намысын лайықты қорғап, жеңіске жеттік», – деп түйіндеді Мартин.

Еске салайық, «Ордабасы» өз тарихында үшінші рет Қазақстан кубогының иегері атанды. Бұған дейін шымкенттік клуб 2011 және 2022 жылдары аталған трофейді жеңіп алған болатын.

Биыл Андрей Мартиннің шәкірттері Қазақстан Премьер-лигасының алтын медалін де иеленді. Осылайша, «Ордабасы» өз тарихында алғаш рет бір маусымда ел чемпионаты мен Қазақстан кубогын қатар жеңіп алып, «алтын дубль» жасады.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie