Сергеевтің голы Өзбекстанды Нидерландпен матчтағы драмалық жеңілістен құтқара алмады
Өзбекстан құрамасы әлем чемпионаты-2026 қарсаңындағы жолдастық матчта Нидерландқа драмалық түрде есе жіберді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Нью-Йоркте өткен кездесу 2:1 есебімен нидерландтықтардың пайдасына аяқталды. Өзбекстан құрамасы матч соңында таразы басын теңестіргенімен, жеңілістен құтылып кете алмады.
Өзбекстан шешуші голды 90+8 минутта жіберіп алды
Матчтағы алғашқы гол 32-минутта соғылды. Нидерланд шабуылшысы Коди Гакпо пенальтиді дәл орындап, командасын алға шығарды.
Екінші таймда Өзбекстан үшін мүмкіндік пайда болды. 87-минутта Гералд Тил қызыл қағаз алып, Нидерланд құрамасы алаңда он ойыншымен қалды.
Өзбекстан құрамасы басымдықты қосымша уақытта пайдаланып кетті. 90+2-минутта Игорь Сергеев есепті теңестіріп, командасын жеңілістен құтқарып қалғандай көрінген.
Алайда матчтың соңғы сәтінде Нидерланд тағы пенальти орындау мүмкіндігіне ие болды. 90+8-минутта Коди Гакпо екінші голын соғып, өз командасына жеңіс сыйлады.
Жолдастық матч
Нидерланд - Өзбекстан - 2:1 (1:0)
Голдар: Гакпо, 32-пенальти (1:0), Сергеев, 90+2 (1:1), Гакпо, 90+8-пенальти (2:1).
Алаңнан қуылды: Тил, 87.
Бұған дейін Өзбекстан құрамасы Канадамен жолдастық матч өткізіп, 0:2 есебімен жеңілген болатын.
Еске салсақ, әлем чемпионаты-2026 турниріндегі алғашқы ойынында Өзбекстан Колумбия құрамасына қарсы алаңға шығады.