Уразбахтин «Атыраумен» матчтан кейін «Қайраттың» ойынын сынға алды
«Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Қазақстан Премьер-лигасының 13-туры аясындағы «Атыраумен» өткен матчтан кейін өз ойын айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кездесуден кейін алматылық клубтың жаттықтырушысы мұндай нәтижеге қатысты пікір білдірудің өзі қиын екенін жеткізді.
«Шынымды айтсам, қазір жігіттерге де осыны айттым. Не айтарымды білмеймін. Бұл қандай да бір ақылға сыймайтын жағдай. Екі апта бойы осы матчты күттік. Әдетте жеңілістен кейін команда еңсесін көтеріп, жанкүйерлер алдында өзін ақтауға тырысады. Бірақ өз алаңымызда осындай ойын көрсетуге сөз табу қиын. Бұл жағдайды қабылдап, әрі қарай жүруіміз керек. Біз өзімізді өзіміз осындай жағдайға тіреп қойдық, енді одан бізді өзімізден басқа ешкім алып шыға алмайды», – деді Уразбахтин.
Сонымен қатар маман қарсыластың ойын мәнеріне алдын ала дайындалғандарын айтты.
«Әрине, белгілі бір қорытындылар жасаймыз. Жалпы қарсыластың қалай ойнайтынын жақсы түсіндік. Олардың екінші және үшінші аймақтарда көп уақыт өткізетінін, қарымта шабуылдар мен стандарттар арқылы мүмкіндік іздейтінін білдік. Мұндай жағдайларды жаттығуларда арнайы пысықтадық. Бірақ сол голды өзіміз сыйлап қойған сияқтымыз», – деп атап өтті бапкер.
Уразбахтин командасының гол соғу сәттерін тиімді пайдалана алмағанына да тоқталды.
«Өкінішке қарай, өзіміз жасаған мүмкіндіктерді пайдалана алмадық. Гол соғу сәттерін жүзеге асыру бағытында әлі де жұмыс істеуіміз керек», – деді ол.
Еске салайық, матч 1:1 есебімен аяқталды. «Қайрат» сапында Яакко Оксанен есеп ашқанымен, кейін қақпашы Темірлан Анарбековтің өрескел қателігінен кейін «Атырау» таразы басын теңестірді.
Осы тең ойыннан кейін алматылық клуб 27 ұпаймен ҚПЛ турнирлік кестесіндегі екінші орнын сақтап қалды.
«Қайрат» келесі кездесуін «Қызылжарға» қарсы өткізеді. Бұл матч Дастан Сәтпаевтың алматылық клуб сапындағы соңғы үй ойыны болмақ.