Роналдумен бірге ойнаған өзбекстандық футболшы әлем чемпионатын өткізіп алуы мүмкін
Өзбекстан ұлттық құрамасының вингері Жалолиддин Машарипов жарақатына байланысты әлем чемпионатын өткізіп алуы мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz.
Өзбекстан футбол қауымдастығының мәлімдемесіне сәйкес, 32 жастағы футболшыдан омыртқааралық диск жарығының қайталануы анықталды. Дәл осы жарақаттан Машарипов әлем чемпионатына дайындық аясындағы Өзбекстан құрамасының жолдастық матчтарын өткізіп алды.
- Сондай-ақ оқыңыз: Неймардың алаңға қайтып оралатын ықтимал күні белгілі болды
Бастапқыда бұл мәселе дәрі-дәрмекпен шешілген еді, алайда кейінірек белгілері қайта пайда болды. Қазір медицина штабы емдеудің әрі қарайғы жолын анықтап жатыр. Әзірге АФҚ Машариповтың әлем чемпионатына қатысуы жөнінде шешім қабылдамағанын хабарлады.
Дегенмен, УзА агенттігі оның құрамадан шеттетіліп, орнына Русланбек Жиянов шақырылуы мүмкін екенін жеткізді.
Айта кетейік, Машарипов 2023 жылы португалиялық Криштиану Роналдумен бірге Сауд Арабиясының «Аль-Наср» клубында 13 матчты бірге өткізген болатын.
