Видео: Топурия мен Гэтжи чемпиондық жекпе-жек алдында салмақ өлшеуден өтті
Грузиялық файтер Илия Топурия мен америкалық Джастин Гэтжи UFC Freedom 250 турнирі алдындағы ресми салмақ өлшеу рәсімінен сәтті өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Екі спортшы да таразыда 155 фунт (70,3 келі) көрсетіп, жеңіл салмақ дәрежесінің лимитіне толық сәйкес келді.
Топурия жекпе-жекке UFC ұйымының жеңіл салмақтағы қазіргі чемпионы ретінде және 17-0 көрсеткішімен шығады. Оның соңғы кездесуі 2025 жылдың маусымында өтті. Сол кезде грузиялық файтер бұрынғы чемпион Чарльз Оливейраны бірінші раундта нокаутпен жеңген болатын.
Ал Джастин Гэтжи үшін бұл кездесу толыққанды чемпиондық белбеуді қайтарып алу мүмкіндігі болмақ. Америкалықтың соңғы жекпе-жегі 2026 жылдың 24 қаңтарында UFC 324 турнирінде өтті. Ол бес раундқа созылған айқаста Пэдди Пимблетті төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.
Топурия мен Гэтжи арасындағы жекпе-жек Вашингтонда (АҚШ) өтетін UFC Freedom 250 турнирінің басты оқиғасы болады. Бұл – АҚШ президентінің резиденциясы аумағында ұйымдастырылатын тарихтағы алғашқы кәсіби аралас жекпе-жек турнирі.
Топурия – Гэтжи айқасы 15 маусым күні өтеді. Жекпе-жектің басталуы Астана уақытымен шамамен 08:00-ге жоспарланған.