Роналдудың анасы Португалия құрамасын ұлын сыйламады деп айыптады: Жезуш не деп жауап берді
Португалия ұлттық құрамасының бас бапкері Жорже Жезуш Криштиану Роналдудың анасы Долореш Авейрудың сынына қатысты пікір білдірді. Бұған дейін Авейру ұлттық команданың ұлына деген қарым-қатынасына наразылық танытып, Португалияның УЕФА Ұлттар лигасында Даниядан 1:4 есебімен жеңілгеніне қуанғанын ашық айтқан еді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Дауға 14 қарашада Брагада өткен кездесу себеп болды. Португалия құрамасы Роналду халықаралық мансабын аяқтағаннан кейін алғаш рет ұзақ жылдар бойы капитаны болған футболшысыз алаңға шығып, соңғы жылдардағы ресми матчтардағы өз алаңындағы ең ірі жеңілістерінің біріне ұшырады.
Ойын алдында Португалия футбол федерациясы 41 жастағы шабуылшының құрметіне арнайы рәсім ұйымдастырды. Футболшылар алаңға жетінші нөмірі бейнеленген жейделермен шықса, жанкүйерлер трибунада бұрынғы капитанға алғыс білдірген баннер жайды. Алайда Роналдудың өзі бұл шараға қатысқан жоқ.
Арада екі күн өткенде футболшының анасы ұлттық құраманы қатаң сынға алды. Лиссабонның «Спортинг» клубы ұйымдастырған іс-шарада журналистермен тілдескен Долореш Авейру ұлының команда басшылығы мен әріптестерінен лайықты құрмет көрмегенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, Криштиану құрамадан кетуіне байланысты болған жағдайларды ауыр қабылдаған. Авейру ұлттық команда өкілдерін ұлын алдады деп айыптап, Даниядан жеңілгендеріне риза болғанын да жасырмады.
Бес дүркін «Алтын доп» иегерінің анасы айтқан бұл сөздер қоғам назарынан тыс қалған жоқ. Уэльске қарсы Ұлттар лигасының топтық кезеңіндегі соңғы ойын алдындағы баспасөз мәслихатында журналистер Жорже Жезуштан Долорештің мәлімдемесіне қатысты пікірін сұрады.
«Енді мен Криштиану Роналдудың анасына жауап беруім керек пе? Ана деген – ана. Оған ештеңе істей алмайсың», – деді португалиялық маман.
Дегенмен Жезуш Авейрумен сөз таластыруды жөн көрмеді. Керісінше, оны қатты құрметтейтінін айтып, мұндай мәлімдеме жасауына не себеп болғанын түсінетінін жеткізді.
Бапкердің пікірінше, кез келген ана қандай жағдай болмасын баласын қорғауға тырысады. Ол Долорештің балаларын өсіріп-жеткізу жолында талай қиындықты бастан өткергенін еске алып, оның сөздерін жеке басына бағытталған қорлық деп қабылдамайтынын аңғартты.
Еске салайық, Роналду мен Жезуш арасындағы келіспеушілік қыркүйек айында басталған еді. Ұлттар лигасында Норвегияға қарсы кездесуде шабуылшы қосалқы құрамда қалып, ойын соңына дейін алаңға шықпады. Осыдан кейін футболшы мен бапкердің қарым-қатынасы шиеленісіп, Криштиану Копенгагендегі ұлттық құраманың орналасқан жерінен кетіп қалды.
Бұл әрекеті үшін Португалия футбол федерациясының тәртіптік комитеті шабуылшыны 30 күнге шеттетіп, 255 еуро айыппұл салды. Жаза мерзімі оның қарашадағы ойындарға қатысуына мүмкіндік бергенімен, Роналду 5 қарашада ұлттық құрамадағы мансабын аяқтайтынын ресми түрде жариялады.
Криштианудың халықаралық деңгейдегі мансабы 23 жылға созылды. Осы уақыт аралығында ол Португалия сапында 234 матч өткізіп, 146 гол соқты. Осылайша, ұлттық команда тарихында ойын саны мен нәтижелілік көрсеткіші бойынша рекорд орнатты. Сондай-ақ 2016 жылғы Еуропа чемпионатында топ жарып, Ұлттар лигасын екі мәрте жеңіп алды.
Ал Даниядан жеңілу Жорже Жезуш үшін Португалия құрамасының тізгінін ұстағалы бергі алғашқы сәтсіздік болды. Бұған дейін оның шәкірттері қатарынан төрт кездесуде жеңіске жетіп, Ұлттар лигасының ширек финалына шығу мәселесін мерзімінен бұрын шешкен еді.